ТАҚЫРЫПТЫҚ ФОРУМДАР ӨТКІЗГЕН

  • Post category:Новости

Былтыр Семей ЖТ бөлімшесінің Өскемен-1 торабы бойынша кәсіподақ ұйымы жұмыс жоспарына сәйкес көптеген мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шаралар өткізді.

Бұл туралы аталған кәсіподақ комитетінің төрағасы Берікхан Тілеужанов айтып берді. Әсіресе өңірдегі теміржол кәсіпорындарының қызметкерлеріне тақырыптық форумдар ұнаған. Әйелдер, жастар, отбасы тақырыбында форумдар жиі өткізілген. Мәселен, «Қазкөліккәсіп» ҚБ құрылғанына 30 жыл толуына орай алғаш рет «Бақыт – әйелдер аумағы» форумы өткізіліп, оған теміржол кәсіпорындарынан жиырмадан астам қызметкер қатысқан. Форумда әйелдерге түрлі мәселелер бойынша психологтар мен заңгерлер кеңес берген.
– Күзде кәсіподақ ұйымдары өткізген отбасылық форумда қатысушы жұптар өздерінің бақыт құпиясымен бөлісті. Бұл ретте ерлі-зайыптылардың бірі немесе қатысушы жұптардың екеуі де теміржол кәсіпорындарының қызметкерлері болды. Әр жұп өз отбасы туралы презентация дайындады, бірлескен саяхаттардың, серуендердің, отбасылық мерекелердің суреттерін көрсетті. Форумда ерлі-зайыптылармен кәсіби психологтар, жаттықтырушы-терапевтер жұмыс істеді. Іс-шара дәстүрлі түрде қыркүйектің екінші жексенбісінде атап өтілетін Қазақстандағы Отбасы күнін мерекелеуге арналды, – дейді Б.Тілеужанов.


Ұлан ОРАЗ, Өскемен