You are currently viewing Түбекке  тальго  келді

Түбекке тальго келді

  • Post category:Новости

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында түбек жұртшылығы тамаша сыйлыққа кенелді. Маңғыстаулықтардың көптен күткен арманы орындалып, өңірге қанша жылдан кейін «Тальго» пойызы келді. Алматыға қатынайтындар енді жүрдек пойызға мініп, әдеттегіден 15 сағат ерте барады.Жаңа пойызды қарсы алуға келгендер қарасы вокзалда мол болды. Жергілікті тұрғын Сәуле Айтбаева апай осы пойызбен Жамбылдан келе жатқан туысын қарсы алуға келіпті.

– Мына жаңалықты естіп, төбеміз көкке жетті. Сенер-сенбесімізді білмей, көзбен көріп, әрі құдағиымызды күтіп алуға өзім шығып тұрмыз. Қасымда үлкен апайым да бар. Ол кісі таяққа сүйеніп жүрсе де «Тальго» дегенді көзімен көріп тамашаламақ. Жасым алпысқа келіп қалды. Бұл пойыз біз сияқты егде жастағыларға дұрыс болды. Қазір көбінің қан қысымы бар, ұзақ жолды көтере алмайды. Жол қысқарды, енді құдағиыммен бірге оңтүстікке қонаққа кетсем бе деп отырмын, – дейді Сәуле апай.

Сонымен жергілікті уақыт бойынша түскі сағат 14:24 минутта №111-112 «Алматы-2-Маңғыстау» пойызы жергілікті теміржол вокзалына келіп тоқтады. Пойыз бастығы, осы салада 15 жылдық тәжірибесі бар Амантай Ұзақбаев жолсеріктерімен бірге перронға түсіп, жолаушылар мен қол жүктерін түсіруге көмектесе бастады. Құрамда жолаушыларға арналған 19 вагон және вагон-бар, вагон- рестораны бар екен. Бірінші және соңғы вагондарда екі, қалғанында бір жолсерік жолаушыларға қыз- мет көрсетіп келген. Вагонның біреуінде 5 купе, 18 орыннан. Әжетханасы, жуынатын және шай ішетін орындары өз алдына. Сонымен қатар бұл пойыздың артықшылығы – кішігірім бекет, станцияларда тоқтап, жолаушылардың уақытын алмайды. Алматыдан Маңғыстауға дейін 15 рет қана аялдама жасайды. Соның ішінде өңірімізде тек Бейнеу, Тассай және Маңғыстау станциясында тоқтайды. Алматыдан жұп күні жолға шығып, түбекке де жұп күні жетеді. Жылдамдығы сағатына 120-150 шақырымды құрайды.

– Алғашқы жолсапарымыз тыныш, артық кедергі-қиындықсыз жақсы өтті. Бізбен келе жатқан халықтың көңіл-күйі көтеріңкі болды. Жолға барлық орын жолаушымен қамтылып толық шықтық, жол бойы түсіп-мінгендер де баршылық. Вагондарда бар қажеттілік қарастырылған. Жолаушыларға арнайы портал қолжетімді. Құрамда 20 жолсерік, 2 борт-механик бар. Ресторанда 3 адам қызмет етеді, – деп мәлімет берді пойыз бастығы Амантай Ұзақбаев.

Сол жерде «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның «Экспресс Алматы» телімі бастығының орынбасары Мырзақұл Қожановты да кездес- тірдік. Бірінші сапарды қадағалап жолға шыққан ол қай жерден заправка жасау, су құю, қоқыс тастау керек деген сияқты техникалық мәселелерді шешу жолын бақылап келіпті.

Маңғыстау вокзалы бастығының орынбасары Гүлжан Мусилова түсте келген «Тальго» пойызы жергілікті уақытпен кешкі сағат 18:15-те кері қарай жолға шығатынын және бұл пойызға билет бағасы ертелеу алсаң – 18 368, ал сол күні 23 мың теңге шамасында екенін айтады. Яғни, ұшақтағы сияқты билет құны алу уақытына байланысты өзгеріп тұрады.

Ал оған дейін Алматы мен қарт түбектің арасын байланыстырып келген бұрынғы пойыз күнделікті жиырма шақты вагонмен таңғы сағат 6:25-те келіп, 8:05-те кетіп, оңтүстікке қатынап тұр. Ол пойыз- дың жолда жүру уақыты 56 сағат 52 минутты құрайды.

Шахида Жұман, Маңғыстау

Суреттерді түсірген автор