ЖОЛШЫЛАР ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

  • Post category:Новости

Өткен жылдың қорытындысын шығарған Қазалы жол дистанциясының ұжымы үздіктерді марапаттап, олардың озық тәжірибесін үлгі етті. Төрт телім бастығына былтырғы жетістігі үшін қаржылай сыйақы берілді.
Дистанция бастығы Аманкелді Қосановтың қолынан марапат алған үздіктер күнделікті ағымдық күтім жасау, түрлі деңгейдегі бақылау-тексерулердің нәтижесі, жол күтімінің бабын бақылайтын арнайы машиналар мен технологиялар жұмысының қорытынды талаптары негізінде анықталған.
Сонымен дистанция үздіктерінің арасында жыл бойы жүргізген жұмыстарында кемшілік көлемі мейлінше аз кездескен Бақберген Ерханов басқаратын 16-айналым жолшылары 1-орынды иеленсе, 2-орынды Сахи Қосанов басқаратын 7-айналым
ұжымы, 3-орынды Нұрадин Қулмановтың 1-айналымы алып, сый-құрметке бөленді.
Жалпы қазалылық жолшылардың бәрі де жақсы нәтиже көрсетіп, бекітілген межені ойдағыдай орындап шыққан. Сондықтан қосымша екі төртінші орын белгіленіп, ол Мұратбек Әбдірахмановтың 10-айналымы мен Тлек Длимов басқаратын 14-айналым жолшыларына бұйырды. Бұдан бөлек белгіленген ынталандыру сыйлығы мен құрмет грамотасына 17,18,19-айналымдар мен көлік блогы лайық деп танылып, олар да сыйлықсыз қалмады.
– Дистанция жолшылары күнде бас қоса бермейді. Сондықтан бүгінгі жиынды пайдаланып, кәсіподақ ұйымының атқарған жұмысының есебін беру және зейнет жасына келген жолшыларды шығарып салу рәсімін де өткізуді жоспарладық. Осы дистанцияның дамуына бірнеше ондаған жылдарын сарп еткен әріптестеріміздің иығына шапан жауып, зейнет демалысына шығарып салдық, – деді дистанцияның кәсіподақ ұйымының төрағасы Дастан Әбішев.
Зейнет жасына жетіп отырған жолшылар Жеңісхан Бейсембин, Ғалымжан Ақсақалов пен Абдулла Жұмағазиевке дистанция басшылығы мен кәсіподақ ұйымы атынан естелік сыйлықтар табыс етіліп, құрмет көрсетілді.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қазалы