You are currently viewing ҚҰЛСАРЫНЫҢ  ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ!

ҚҰЛСАРЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ!

  • Post category:Новости

Теміржол деген саланың кірер есігінен енген адам шығар есігіне жеткенше бүтін бір ғұмырын арнайды. Бүкіл өмірін темір жолға арнап, соның ыстығына күйіп, суығына тоңып еңбек еткен жандар жүздеп-мыңдап саналады.

Ал тұтас әулетімен осы салада еңбектеніп, теміржолшы кәсібі екінші, үшінші, тіпті төртінші ұрпағына дейін жалғасып жатқандар туралы не айтуға болады? Кәсібіне адалдық десек, ол адалдық махаббат пен сүйіспеншіліктен туындаса керек. Демек, теміржолшы өз кәсібін жақсы көріп, оны құрмет тұтса, сөз жоқ, адал еңбек етеді, табысқа жетеді. Құлсарыда туып өсіп, саналы ғұмырын осы станцияның дамуына арнаған теміржолшы Шоқан Бақтыбаев сондай жан. 1959 жылдың соңында Құлсары қаласында дүниеге келген Гурьев теміржол техникумын бітіріп, еңбек жолын пойыз құрастырушы боп бастады.
Темір жолдың, станция жұмысының қыр-сырын әбден меңгерген ол үш жылдан соң станция кезекшісі қызметіне кірісіп, 15 жыл табан аудармай еңбек етті. Өз жұмысын, кәсібін жанындай жақсы көріп, берілгені сонша, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен кешегі тоқсаныншы жылдары бірнеше тиімді ұсыныстарды да қабылдамапты. Өзі туыпөскен Құлсарысын ешқандай жер жәннатына айырбастамады. 2002 жылы Құлсары станциясы бастығының орынбасары болып тағайындалып, жиырма жылға жуық адал тер төкті. Жұмысына адал, темір жол үшін шын жаны ауыратын азаматты жерлестері Құлсарының дамуына үлкен үлес қосқан жан деп жоғары бағалайды. «Үздік маман», «Адал еңбегі үшін», т.б. марапат иесі атанған тарлан теміржолшы жуырда еңбек жолын аяқтап, құрметті зейнет демалысына шықты. Ұзақ жыл үзеңгілес болған әріптестерімен қимай қоштасты. Ал станция ұжымы мен кәсіподақ ұйымы Шоқан Бақтыбаевқа көп жылғы еңбегінің зейнетін көріңіз деген тілекпен, лайықты қошемет, сый-құрметпен шығарып салды.

Источник

Қосұйым МҰҚАШЕВ,
Атырау

Суретті түсірген автор