You are currently viewing «ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ» ДЕГЕН ОСЫ…

«ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ» ДЕГЕН ОСЫ…

  • Post category:Новости

Жамбылдық жас теміржолшылар қатарында көп балалы отбасылар аз емес. Болат жолдың көсегесін көгертіп, еліміздің демографиялық өсіміне үлес қосып жүрген олар «болашақ теміржолшылар династиясын өсіріп жатырмыз» дейді әзіл-шын

Жамбыл электрмен жабдықтау дистанциясының бастығы Қайрат Сейдулда – көп балалы шаңырақтың иесі. Жары Шарбану Шаймерденова Жамбыл локомотив пайдалану депосында бухгалтер.
Ерлі-зайыптылар отбасында бес бала өсіп келеді, кенжелері – егіздер. Жалпы, бұл әулетті «теміржолшылар династиясы» деп атауға толық негіз бар. Қайраттың бабасы – Тасыбай Ешназар Түрксіб құрылысына қатысқан. Әулеттің болат жолдағы қолтаңбасы сол дәуірден басталады. Ал атасы Сейдулда Ешназарұлы «Құрметті теміржолшы» атанған, талай жыл
Жамбыл бөлімшесінде қауіпсіздік ревизоры болған. Әкесі Маралбек Сейдулдаұлы Жамбыл белгі беру және байланыс дистанциясында ұзақ жыл еңбекті қорғау инженері, кадр бөлімінің басшысы болып еңбек еткен. Өкініштісі, Маралбек Сейдулдаұлы 2016 жылы өмірден ерте кетті. Ал қазір бауыры Нұрпейіс Тасыбаев Жамбыл белгі беру және байланыс дистанциясында еңбек етіп жүр.
Ал бесінші буын – Қайраттың ұлдары, кім біледі ертең олар да ата кәсібін жалғастырар. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы Қайрат болат жолдағы еңбек жолын 2008 жылы осы дистанцияда электромеханик болып бастаған. 2011-2016 жылдары Астана электрмен жабдықтау дистанциясында электромеханик, цех басшысы, 2016-2019 жылдары Орталық электротехникалық зертханасында жетекші инженер болып еңбек етті, 2019 жылдан дистанция директоры.
– Алланың берген төрт ұл, бір қызын тәрбиелеп отырмыз. Жұмыстан келгенде осылардың қызығымен күні бойы шаршағаныңды ұмытып кетесің.
Тұңғышым Ақылбек облыс орталығындағы №3 гимназияның 6 сынып оқушысы. Оқу үздігі. Футболға қызығады. 2 сыныпта оқитын Асылбек те осы мектепте білім алады. 3 сыныптағы қызым Айсезім «Інжу» жекеменшік білім ошағында оқиды, математика пәнінен республикалық, облыстық, қалалық олимпиадаларда топ жарып жүр. 2019 жылы өмірге келген егіз ұлдарым – Айтөре мен Хантөре «Арайлыбақ» балабақшасына барады. Бауырмал, жанашыр, тілектес, ниеттес ұрпақ тәрбиелеу – парыз. Жалпы, көп балалы болудан қашпау керек, «бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген ғой қазекем, яғни әр баланың ырыс-несібесі бар, – дейді Қайрат Маралбекұлы.

Ерман ӘБДИЕВ,
Тараз
Суретті түсірген автор