You are currently viewing Қарттар күні қарсаңында ардагерлер бас қосты

Қарттар күні қарсаңында ардагерлер бас қосты

  • Post category:Новости

1 қазан – Қарттар күні қарсаңында Аман Көбенов басқаратын Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының басшылығы мен кәсіподақ ұйымы ұжым есебіндегі 146 ардагерді бір дастархан басына жинап, ас берді.
Ардагерлер дастархан басында өздері жұмыс істеген кездегі қызықты күндерін еске алып, жастарға өз тәжірибелерімен бөлісті.
– Ардагерлердің хал-жағдайларын үнемі назарда ұстаймыз. Олардың өздері де дистанциядағы ардагерлер бөлмесіне келіп тұрады. Ардагерлер ұйымының төрағасы Рахматулла Нұрымбетовпен тығыз байланыс ұстап, кеңесіп отырамыз. Бүгін қарттарымызға көтеріңкі көңіл күй сыйлағанымызға өте қуаныштымыз, – деді ұжымның кәсіподақ ұйымының төрайымы Ғалия Қожахметова.
Дистанцияның мәжіліс залында жайылған асқа келген зейнеткер-теміржолшылардың әрқайсысының орны ерек. Олардың арасында саланың жоғары марапатын алғандар да, өз ісінің білгірлері де, айтары көп ақсақалдар да бар. Олардың барлығы құрметке лайық.
– Біздің кезімізде дистанциядағы өндірістік жұмыстың дені жалаң қолмен атқарылатын. Құрал-саймандар тапшы болды, сол себепті өндірістік жарақат алу жағдайлары жиі болатын. Мен де абайсыздық танытып, жұмыс кезінде өндірістік жарақат алдым. Компания тарапынан барлық жеңілдік көмектерді алып тұрамын. Ардагерлерін ұмытпай, қамқорлық танытып отыратын дистанция басшылығына, әріптестеріме алғыс айтамын, – дейді дистанцияның Жаңақорған телімінен келген зейнеткер Жандарбек Мырзаметов.
Қарттар күнінде бас қосқан ардагерлерге дистанция теміржолшылары жырдан шашу шашып, жақсы көңіл күй сыйлады. Өз кезегінде ардагерлер де үлкен құрмет көрсеткен іні-қарындастарына ақ тілек баталарын берді.

Сабырхан Сейілбекұлы