Вы сейчас просматриваете Қауіптің алдын алды

Қауіптің алдын алды

  • Рубрика записи:Новости

ВЧД-27 Жамбыл вагон пайдалану депосының Шу станциясындағы вагондарға техникалық қызмет көрсету пунктінде вагон қараушы Төрехан Чолпанқұлов жүк пойызының вагонынан ақау тауып, қауіптің алдын алды.
Тараз станциясынан шыққан №3192 жүк пойызы Шу станциясына 18 маусымда түнгі сағат 23.45-те келіп жетеді. 52 вагон тіркеген құрамға салмағы 2040 тонна жүк тиелген болатын. Сол күні түнгі ауысымға түскен вагон қараушы Төрехан Чолпанқұлов 16-шы жолға тоқтағалы келе жатқан жүк пойызын бақылап тұрып, вагондардың бірінің доңғалақ жұбынан өзгеше дыбыс шығып келе жатқанын байқайды. Бұл туралы әріптесі Қайрат Тойбазаровқа хабарлап, ақаулы вагон болуы мүмкін екенін ескертеді. Екеуі ұзын құрамның екі басынан вагондарды мұқият қарап-тексере бастайды. Нәтижесінде 919002171 нөмірлі үшінші вагонның доңғалақ жұбы дискісі сынғанын анықтайды.
– Жағдайды аға вагон қараушы Ж.Садырбайға баяндадық. Нұсқауға сәйкес, ол вагондарға техникалық қызмет көрсету пунктінің, Жамбыл вагон пайдалану депосының, Жамбыл магистральдық желі бөлімшесінің басшылығына, станция кезекшісіне хабарлады. Әрі қарай вагон жүк пойызынан ағытылып, жөндеуге жіберілді, – дейді Төрехан Чолпанқұлов.
Қырағы вагон қараушының бұл анықтаған алғашқы ақауы емес. Тәжірибелі маман ақауды жүріп келе жатқан кезде доңғалақ жұптарының дыбысынан да байқауға болатынын айтады.
– Көбіне дыбысқа баса мән береміз. Себебі, жарықшақ бар болса, болаттан таза дыбыс шықпайды. Вагон қараушының музыканттар секілді есту қабілеті ерекше болуы керек, – дейді ол.
Төрехан Чолпанқұлов 2011 жылдан бері вагондарға техникалық қызмет көрсету пунктінде еңбек етіп келеді. Алғашқыда слесарь болып жұмыс істеген ол екі жылдан кейін вагон қараушы болып ауысқан.
Ардақ Үсейінова