You are currently viewing Қазығұрт: дүниежүзілік еңбек қорғау күні

Қазығұрт: дүниежүзілік еңбек қорғау күні

  • Post category:Новости

Дүниежүзілік еңбек қорғау күніне орай бекітілген биылғы тақырып –климаттық ауа-райы өзгеруінің жұмыс орнындағы еңбек қауіпсіздігі мен денсаулыққа әсері деп бекітілуіне орай, Шымкенттегі Қазығұрт станциясында да ауқымды іс-шаралар легі ұйымдастырылды. Станция басшысы Баянды Раманқұлов пен еңбек қорғау инженері Алтынай Пірматова бастап, еңбек қорғау жөніндегі техникалық инспектор Бақыт Ағымсалов пен пойыз құрастырушы Еркін Мейірбеков сынды азаматтардың белсенді атсалысуымен, қауіпсіздікті сақтауға қатысты жоспарлы жұмыстар іске асырылды.
– Бұл жолы бекітілген тақырып – әсіресе, біздің оңтүстік өлкеде кеңінен үгіт-насихаттауды қажет ететіні сөзсіз. Себебі, жылы аймақ болғандықтан біздің жақта адамдарға күн сәулесі мен ыстықтың өту қаупі жоғары. Сондықтан да күннен қорғанудың амал-әрекеттері мен оның себеп- салдарына қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – дейді станция бастығы Б.Раманқұлов.
Бүгінгі таңда өндіріс орнында 120 адам істейді. Олардың бәрін қауіпсіздік іс-шараларына бір мезетте жаппай қатыстыру мүмкін емес.
Сондықтан да әрбір қызметкердің жұмыс кестесіне орай жоспар бекітіліп, ауысыммен істейтін теміржолшылар үшін арнайы техникалық сабақтар өткен.
– Осылайша, мейлінше барлық жұмысшыны қауіпсіздік шараларына белсенді қатыстырдық, – дейді ол.
Ал мекеменің еңбек қорғау инженері Алтынай Пірматованың айтуынша, темір жол белгісі мен жол бойында құлаққаппен жүруге тыйым салынатыны туралы, ұялы телефон пайдалануға болмайтыны жөнінде 22 ескерту тақтайша орнатылып, темір жол бойындағы техникалық қаіпсіздікті сақтау ережелері жазылған 10 баннер көпшілік көзі түсетін жерлерге ілінген.
Сонымен қатар, станция кезекшілері мен маневрлік диспетчерлерге, пойыз құраструшылар мен жүктерді қабылдап-тапсырушы және тасымалдау құжатын реттеу операторы санатындағы қызметкерлерге жұмыс берушілер тарапынан қамтамасыз етілуі тиіс міндеттемелер мен жұмысшылар сақтауы тиіс талап, міндеттерге қатысты техникалық сабақтар ұйымдастырылған.
Сондай-ақ, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бірнеше күнге жалғасқан шараға белсенді қатысқан теміржолшылар мен еңбек қауіпсіздігі талаптарын орындауда және өндірістік жарақаттың алдын алу мақсатында өз міндетін мінсіз орындаған мамандар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
Шымкент