You are currently viewing ҚТЖ-да «Тілі бірдің – тілегі бір» атты дөңгелек үстел өтті

ҚТЖ-да «Тілі бірдің – тілегі бір» атты дөңгелек үстел өтті

  • Post category:Новости

«ҚТЖ» ҰК» АҚ-да «Тілі бірдің – тілегі бір» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Мемлекеттік тілді дамыту және қолданылу аясын кеңейту мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға тіл жанашырлары, зиялы қауым өкілдері, компанияның ардагерлері, мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдері, компанияның құрылымдық бөлімшелері мен еншілес ұйымдарының, қоғамдық бірлестіктердің басшылары қатысты.
Жиынның басты қонақтары – Қазақстанның мәдениет қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын Ринат Зайытов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасының орынбасары Гүлнар Ходжабергенова, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, аудармашы, этнограф Серік Ерғали болды. Сонымен қатар жиынға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ бас менеджері Жайнагүл Мұқашева, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, теміржол ардагері Жұмагүл Әлжан қатысты. Дөңгелек үстелдің кіріспе сөзін айтқан «ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың Аппарат басшысы Серік Кеулімжаев компанияда мемлекеттік тілдің аясын кеңейту мақсатында арнайы сектор ашылғанын жеткізді.
– Тіл – қоғамдық қатынастардың барлық саласымен, олардың өзгерістерімен тығыз байланыста дамитын құбылыс екені белгілі. Ал қоғамда тілге деген сұраныс болмаса, тілдің өркен жаймасы анық. Сондықтан ұлттық компанияда мемлекеттік тіл аясының кеңейту мақсатында осындай іс-шараларға елге сөзі жүретін тіл жанашырларын шақырып, ой-пікірлерін білсек деген ниеттеміз, – деді С. Кеулімжаев.
ҚТЖ-да мұндай жиын көптен өтпегенін алға тартқан Оразкүл Асанғазықызы тіл туралы толғамды ойларын аудиторияда отырған әрбір жанның жетесіне жеткізіп айтты. Құр сөйлеп қана қоймай, ұлттық компанияда мемлекеттік тіл аясын кеңейту бойынша нақты тапсырмалар беріп, келесі жолы соны тексеру үшін міндетті түрде тағы келетінін жеткізді. Осы сектор жұмысын басқаратын Ербол Тоқтағазыға сектор емес департамент құруды ұсынды. Өзге де тіл жанашырлары ҚР Тіл туралы заңының баптарын алға тарта отырып, болашақта мемлекеттік тіл, әсіресе кеңсе, құжат тілінің қазақша болуы міндеттелетінін айтты.

Райхан Рахметова