Вы сейчас просматриваете Тастаяқ турнирі

Тастаяқ турнирі

  • Рубрика записи:Новости

Шымкенттегі «Жасмин» бильярд клубында «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасының кубогына арналған бильярд турнирінің финалдық ойыны өтті. Аталған ұйым өкілдері ұйымдастырған шараға республиканың барлық өңірінен 32 теміржолшы қатысып, екі күн бойы шарболатты шыр айналдырды Бұған дейін әр өңірде іріктеу сайысы өткен болатын. Сондықтан бұл басқосуға кілең «сен тұр, мен атайын» деген сұрмергендер жиналды. Осымен
үшінші рет өтіп жатқан бұл жарыстың ерекшелігі сол – сайыс жеңімпазы қай өңірден анықталса, келесі жылы республикалық чемпионат сол өңірде өтеді.
Мәселен, былтыр Павлодарда өткен жарыста шымкенттік жігіт жеңімпаз болған соң, биылғы чемпионат осы қалада ұйымдастырылып отыр. Бұл – кәсіподақ ұйымы жетекшілерінің ортақ шешімі.
Екі күнге жалғасқан сайыс тұтастай комбинациялық пирамида ережесі бойынша өтті және оған бильярд спортының білікті маманы, бейтарап өкіл ретінде Елнұр Ераханұлы төрешілік етті.
Ал сериялы ойындар нәтижесінде сәтті өнер көрсетіп, ең көп ұпай жинаған Шымкент станциясының СТЦ-операторы Миранбек Мырзағұлов осыменбекінші рет чемпион атанса, екінші орынды алматылық «KTZEKhorgos Gateway» ЖШС сатып алу бөлімінің бас менеджері Әнуар Облысов иеленді. Ал үшінші орын Түркістан вокзалының бастығы Марат Мырзақұловқа бұйырды.
Сондай-ақ ойын барысында Әскерилендірілген теміржол күзеті Түркістан филиалының Шымкент станциясындағы жедел реттеу мобильді тобының жүргізуші-күзетшісі Самат Бекжігітов «Қазкөліккәсіп» ҚБ Шымкент филиалы әзірлеген «Ең көп серия жасағаны үшін» аталымы бойынша тағайындалған арнайы сыйлыққа ие болды.
Турнирге қатысушылардың жас ерекшелігі де әртүрлі болды. Мысалы, қызылжарлық қос теміржолшының жасы 56-да болса, ең жасы астаналық теміржолшы Нұрдәулет Мақсұт 1996 жылы туған.
Сайысқа маңғыстаулық машинист көмекшісі Жалғас Қуандықов айрықша дайындықпен келіпті.
Оның киген киімі, жакеті мен галстукты жейдесі және басындағы шәпкесіне қарап, кәнігі кәсіби бильярдшы ма дерсің?!.
Сондай-ақ Қарағандыдан келген команданың киім үлгілері де көз сүйсіндірерліктей болды. Семейден келген ШЧ-29 мекемесінің телім бастығы Серік Түкешовтің тастаяқтың арнайы таяғын алып келгеніне қарап, бильярд теміржолшылар үшін сүйікті спорт түрі екенін байқауға болатындай.
Турнирді ұйымдастырушылардың бірі «Жүк тасымалы» ЖШС Қарағанды бөлімшесі кәсіподақ комитетінің төрағасы Ғалы Қазыбекұлының айтуынша, бильярд – интеллектуалдық әлеуетіңді арттырумен қатар, физика-психологиялық күйіңді дамытатын, шеберлігіңді шыңдайтын бекзада өнер. Сондықтан ел теміржолшыларын осы өнерге бейімдеп, осындай турнир өткізуді дәстүрге айналдырған Сала кәсіподағына алғыс айтып, финалдық ойынды сәтті ұйымдастырған Нағима Әуесханқызы бастаған Шымкенттегі филиалының ерен еңбегін айрықша атап өткен жөн.
Ақылбек ӘМЗЕ, Шымкент
Суреттерді түсірген автор