Вы сейчас просматриваете Айналма жол салу өзекті болып тұр

Айналма жол салу өзекті болып тұр

  • Рубрика записи:Новости

Ақтөбе бөлімшесі жүк айналы- мынан сегіз айдың көрсеткіші бойынша межені толық орындап шықты. Өңірде 2 млн тоннадан аса хром, 300 тоннадан аса қара металл экспортталған.
«ҚТЖ–Жүк тасымалы» ЖШС Ақтөбе бөлімшесі 2024 жылдың 8 айында сегіз позициямен тасымал көрсеткішін жапты. Ақтөбе бөлімшесіне жүк тасымалына тапсырыс беруші ірі кәсіпорындардың бірі – «Қазхром» АҚ. Компания өңірдің бірнеше станциясынан жүк жөнелту жұмыстарын ұйымдастырады. Биыл Дөң станциясынан компанияның 34 898 вагон 2 437 151 тонна жүк тиелген. «Қазхром» АҚ-ның филиалы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты Жіңішке станциясынан экспортқа 5150 вагон 338 886 тонна қара металл және 5136 вагон 313 406 тонна қатты жүк экспорттады. Ал Кемпірсай станциясынан 4117 вагон 269 677 тонна кен тиелген.
Ақтөбе бөлімшесінің техникалық бөлімінің мәліметінше, маршруттық пойыздардың тиімді қозғалысына қол жеткізу үшін Хромтау станциясының бағытынан Жазық станциясына және кері қарай Никельтау станциясына кірмей, оны айналып өтетін айналма жол салу сұрағы өзекті болып отыр. Сондай-ақ алдағы уақытта Қандыағаш – Никельтау – Әйтеке би учаскелерінде автоматты бұғаттау жүйесін енгізу сұрағы шешіледі деп күтілуде.
Теміржолшылар мәліметіне жүгінсек, бұл жобаны іске асыру аймақтағы темір жолдың жалпы жүктемесіне оң әсер етеді. Бұл учаскені жаңғырту нәтижесінде, оның өткізу қабілеті 8-ден 20 жұп пойызға дейін артады. Бұл айтарлықтай экономикалық тиімділік береді, жүк вагондарының айналымын жеделдетумен қатар транзиттік пойыздардың жолын қысқартады. Жоба іске қосылғанда «Тальго» жүрдек жолаушылар пойыздары мен басқаларының жол жүру уақыты қысқара түспек. Осылайша, тоғыз жолдың торабындағы Ақтөбе бөлімшесінде келесі жылы ірі жобалар қолға алынады. Тасымал қызметі де арта түсері сөзсіз.
Ардақ Ерубаева