You are currently viewing Арыста футбол алаңы салынатын болды

Арыста футбол алаңы салынатын болды

  • Post category:Новости

Теміржолшылар қаласы атанаған Арыс қаласына «Қазкөліккәсіп» ҚБ» басқарма төрағасының орынбасары Ғафу Несіпбаев пен аталған ұйымның халықаралық жұмыстар, ақпараттық, кадрлық және ұйымдастыру жөніндегі бас менеджері Амангелді Төреғожин арнайы сапармен келді. Арыстық теміржолшылармен және қала әкімі Гүлжан Құрманбековамен өткен кездесуде Теміржолшылар саябағы жанынан шағын футбол алаңын салу жөнінде соңғы талқылау өтіп, нақты шешім қабылданды.
Мәселені жан-жақты зерделеу мақсатында ұйымдастырылған жиынға «Қазкөліккәсіп» Шымкент филиалы ұйымының төрағасы Нағима Салықбаева мен «Жүк тасымалы» ЖШС Шымкент филиалының экономика және қаржы жөніндегі директор орынбасары Арман Сабденбеков және теміржолшылар қатысты. Сондай-ақ, шара аясында азаматтармен ашық пікір алмасып, кәсіподақ тарапынан жасалып жатқан жұмыстардың жай-күйі тақырыпқа тұздық болды.
«Қазкөліккәсіп» Шымкент филиалы келешекте қала орталығындағы аумағы 2,5 гектарды құрайтын «Теміржолшылар» саябағын ақысыз меңгеруге алып, оны заманауи ретросаябаққа айналдыратын болды. Ал оған дейін саябақтың бір шетіне кіші футбол алаңын салу жоспарланып отыр.
– Біз осы мақсатта 30 миллион теңге шамасында инвестиция құйып теміржолшылар қаласын көркейте түсуді көздеп отырмыз. Мұндай бастамаға жергілікті теміржолшылар мен қала әкімдігі де қолдау білдіруде, – деді Арыс станциясының кезекшісі әрі кәсіподақ өкілі Телғозы Шорахан.
Басқосу нәтижесінде 25х45 метр көлемді жабық футбол алаңы салынатын болды. Құрылыс жұмыстары тамыз айында басталып, сәтін салса Тәуелсіздік күніне орай ел игілігіне беру жоспарланды.
Нұрлыбек Досыбай