You are currently viewing Ауған алауы жадымызда…

Ауған алауы жадымызда…

  • Post category:Новости

Маңғыстау локомотив пайдалану депосында бірнеше Ауған соғысының ардагері қызмет етеді. Депо кәсіподағы мен ұжымы оларды ешқашан назардан тыс қалдырмаған. Биыл да 15 ақпан – Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылған күніне орай арнайы басқосу ұйымдастырды.

Бір кездері КСРО деген алып империяның саясатымен жат елде болған соғыс өртіне қатысқан сол кездегі жиырма жасар жігіттер бүгінде ел ағасы жасына жеткен. Әріптестерімен басқосуда олар өткен күндерден естелік айтып, қантөгістің кез келген түрін айыптайтындарын жеткізді.

– Біздегі Ауған соғысының ардагерлері – біраз жылдан бері осы салада табан аудармай тер төгіп келе жатқан теміржолшылар. Олар Маңғыстауда талай жылдан бері тепловоз тізгіндеп жүрген екінші класты жолаушы пойызының машинисі Асылбек Наурызбаев, екінші класты тепловоз машинисі, бейнеулік ардагеріміз Қуанышбай Төлегенов. Ал Бауыржан Азанов – үшінші класты машинист. Арамызда осындай жандардың еңбек етіп, жастарға үлгі көрсетіп жүргені – біз үшін мақтаныш, – дейді шараны ұйымдастырушы Маңғыстау локомотив пайдалану депосы кәсіподақ ұйымының төрағасы Әбілсейт Нәбиханов.

Ардагер машинистерге депо басшысы мен кәсіподақ ұйымы атынан ерен еңбектері үшін алғыс хат және естелік сыйлық табыс етілді.

Шахида Жұман, Маңғыстау

Суретті түсірген автор