You are currently viewing Балалар елордаға саяхаттады

Балалар елордаға саяхаттады

  • Post category:Новости

Түбек теміржолшыларының балалары жазғы демалысында жылдық азық болар қызықты күндерді бастап кетті. Кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен бір топ бала жақында еліміздің астанасында болып, көрікті жерлерді аралап, демалып қайтты.
Сала кәсіподағының қолдауымен елордамызға саяхаттауға мүмкіндік алған балақайлардың қуанышында шек жоқ. Көрген-білгенін айтып, сапарынан сан түрлі ой түйіп, көңілді демалып қайтты. Бұл экскурсиялық тур балаларға Астана қаласы көркін тамашалап, бұрын көрмеген дүниелерді көріп-білуге мүмкіндік берді.
Танымдық саяхатқа өңірдегі теміржолшылардың 9-11 жас аралығындағы көп балалы және толық емес отбасынан шыққан, сондай-ақ қашықтағы бекеттер мен станциялардағы теміржолшылардың ұл-қыздары барды. Жас саяхатшылар сапарына Маңғыстау жол дистанциясының кәсіподақ ұйымы төрағасы Болат Абатаев пен «Теміржолсу» ЖШС кәсіподақ ұйымы төрайымы Сандуғаш Тоқсанова жетекшілік етті.
– Балаларымыз үшін елордада өткен үш-төрт күннің әр күні қызыққа толы, естен шықпастай керемет болды. Барған күні автобуспен әуежайдан күтіп алды. «Қазжол» қонақүйіне жайғасып, экскурсиямызды сол күні бастап кеттік. Алдымен «Бәйтерек» монументіне бардық, қаланы тамашаладық. Ертесіне «Думан» ойын-сауық орталығына барып, Джунглидегі тылсым дүниелермен танысып, Океанариумда мұхит әлемінің кереметтерін көзбен көріп ерекше әсерге бөленген балалардың қуанышында шек болмады.
Келесі күні Ұлттық музейде, «Summer fest» ойын-сауық орталығында, «Экспо» қалашығында болдық. Аталған жерлерді аралап, қызықтырған сұрақтарына жауап алып, балаларымыз танымын арттыра түсті.
Ал қонақүйде пицца пісіруден мастер-класқа қатысты. Күнде қонақүйдегі бассейнге түсіп, түрлі ойындарға қатысып бақ сынасты. Осының бәрі олардың саяхатын тартымды ете түсті, – дейді балаларды бастап барған Маңғыстау жол дистанциясының кәсіподақ ұйымы төрағасы Болат Абатаев.