You are currently viewing БЕКЗАТТАЙ БЕЛСЕНДІ БОЛСА…

БЕКЗАТТАЙ БЕЛСЕНДІ БОЛСА…

  • Post category:Новости

Ел шығысындағы теміржол саласында да қоғамдық өмір қайнап жатыр. Салалық кәсіподақ ұйымының ұйытқы
болуымен іргелі шаралар өткізіліп, теміржолшылардың қызметтен тыс уақыттары да мейлінше тиімді өтуде. Осы
орайда кәсіподақ жұмысында белсенділік танытып келе жатқан жандардың еңбегі зор.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Семей ЖТ бөлімшесінде еңбекті қорғау бойынша жетекші инженер қызметін атқаратын Бекзат
Кәрімханов – осындай белсенді жастың бірі. Тәуелсіздікпен құрдас, теміржолшылар қаласы Аягөзде дүниеге келген Бекзат
о баста елгезек бала болса керек, мектепте, кейін Семейдегі теміржол колледжінде түрлі қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретін ол сол кезден-ақ кез келген кештің жүргізушісі болыпты. Домбыра, шахмат үйірмелеріне қатысып, спорттық сайыстар жеңімпазы, жайдарманшы, сосын кәдімгідей кәсіби фотограф болыпты. Оркестрде өнер көрсеткен де кезі болған. Осылай ерте ортаға қосылып, өзін-өзі шыңдауы арқасында кез келген жұмысты ұршықтай үйіретін қабілеті де болды. Бүгінде бөлімшедегі кәсіподақ жұмысын жүргізіп отыр. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары жігітті ұжым таңдап сайлаған. Алғашқы еңбек жолын өзі оқыған колледжде темір жол бойынша арнайы пәндердің ұстазы болып бастапты. Куратор қызметін де атқарып өзінен сәлақ кіші жастарды тәрбиелеген.
Педагогтық тәжірибесі бүгінде темір жолдағы қызметінде үлкен пайдасын тигізуде. Кейін М.Тынышпаев атындағы Қазақ
көлік және коммуникациялар академиясын «Көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру»
мамандығы бойынша үздік тәмамдап, жоғары білім алды. Темір жолдағы алғашқы қызметін Семей ЖТ бөлімшесінің
Жаңа-Семей станциясында бағыттама кезекшісі болып бастайды. Қысқа мерзім ішінде бағыттама қосыны кезекшісі, осы станцияның «А» қосынының станция бойынша кезекшісі болып бірнеше саты жоғарылады. Сондай-ақ, Семей вокзал шаруашылығының 1-ші категориялы инженері, Семей ЖТ бөлімшесінің қоршаған ортаны қорғау бойынша инженері, еңбекті қорғау бойынша жетекші инженер лауазымдарына сатылай өсіп,тәжірибесін арттырды. 2019 жылы өндірістік жарақаттануға
жол бермегені үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Кәсіби өмірдегі жетістігінің өзі жас буынға үлгі боларлықтай. Атап айтсақ, «Болашақ басқарушылар» бағдарламасын игеріп,
ұлттық компанияның ішкі жаттықтырушылар пулын құру және дамыту бағдарламасы бойынша өткен сайыстың жеңімпазы атанды. Сертификатталған ішкі жаттықтырушы атағын алды.
– Бекзат Нұрланұлы – кәсіби қызметте ғана емес, қоғамдық қызметте де жетістікке жеткен жан. Сала кәсіподағына сіңірген
қызметі үшін «Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» қоғамдық
бірлестігінің төрағасы Оразғали Ахметбаевтың алғыс хатымен марапатталса, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС кәсіподақ филиалының төрағасы Е.Төлегеновтің құрмет грамотасын алды, кәсіподақ жетекшілеріне оны үлгі тұтып, Бекзаттай белсенді болса бәріне қол жеткізуге болады дейміз, – дейді кейіпкеріміз жайлы пікір білдірген бөлімшенің салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Алик Досанов.
Қорыта айтсақ, кәсіподақ белсендісі Бекзатты бүгінде шығыстағы барлық теміржолшы біледі. Өз қызметін қоғамдық
жұмыстармен қатар алып келе жатқан, теміржолшылар мүддесін бәрінен жоғары қоятын жігерлі жасты жергілікті теміржолшылар мақтан тұтады.

Қуаныш ҚОЖАЕВ,
Семей

Суретті түсірген автор