You are currently viewing Дегелең станциясында инфрақұрылым жаңғыртылып жатыр

Дегелең станциясында инфрақұрылым жаңғыртылып жатыр

  • Post category:Новости

Бүгінде Семей ЖТ бөлімшесіне қарасты Дегелең станциясында теміржол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта көзделген межелі жұмыстар жергілікті атқарушы билікпен бірлесіп орындалмақ.
Ол жайында жуырда бөлімше басшысы Владимир Бабиченконың Курчатов қаласының жаңадан тағайындалған әкімі Болат Абдралиевпен кездесуі барысында жан-жақты талқыланды. Қазіргі таңда бірінші класты Дегелең станциясында қысқа даярлық шаралары басталып кеткен. Себебі күллі ел шығысын және еліміздің іргелі жылу орталықтарын көмірмен қамтамасыз ететін іргелі станция қатал маусымға қазірден дайын болуы керек. Осы ретте қала әкімін станция тынысымен таныстырған Владимир Владимирович инфрақұрылымды жаңғырту жұмысына да жан-жақты тоқталды. Мәселен, станцияда үш бірдей қабылдау-жөнелту жолдары салынып, Дегелең – Жаңа-Семей телімін дамытуда елеулі шара орын алды. Осылайша ұлттық компанияның тұңғыш рет бизнес-құрылымдарымен бірге жасаған, «Қаражыра» АҚ және «Балапан көлігі» ЖШС-мен бірлескен жобасы нәтижелі орындалды.
Соңғы жылдары «Қаражыра» АҚ жылжымалы құрамдарға тиелетін қатты отын көлемін де арттыру үстінде. Мәселен, биыл 9 млн тонна көмір тасу жоспарлануда.
Бұл орайда негізгі салмақ теміржолшыларға түседі. Станция басшысы Талғат Башировтың айтуынша, кесте бойынша 10 жұп жүк пойызын өткізу керек болса, қыс мезгілінде 14 жұп көмір тиелген пойыз құрастырып аттандыруға мүмкіндік бар.
Мәртебелі мейман сонымен қатар станция басындағы жүргізіліп жатқан жұмыстармен де танысты. Сондай-ақ жергілікті теміржолшылар игілігі үшін атқарылар шаралар қатарын да бірге пысықтады.