You are currently viewing Ешқашан кеш емес

Ешқашан кеш емес

  • Post category:Новости

Теміржол саласын цифрландыру – бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірі. Маңғыстау локомотив депосының резерв бастығы Күләш Байжаунова озық өндірістік нәтижеге қол жеткізудің алғышарты болып отырған сандық технологияны меңгеру
ешқашан кеш емес екенін айтады.
Өткен жылдың соңында «ҚТЖ» ҰК» АҚ бойынша III республикалық «Автоматтандырылған басқару жүйесін және ақпарат жүйесінің қызметі» тақырыбында ұйымдастырылған семинар-тренингке
Маңғыстау командасы атынан қатысып, жетістікке жеткен депоның екі бірдей қызметкері болды.
Олар – Маңғыстау локомотив депосының жедел техникалық есептеу бөлімі бастығы Бақтыгүл Арықбаева мен локомотив бригадаларының резерв бастығы Күләш Байжаунова. Екі ханым да
Астанада өткен семинар-тренингте түбек командасының жүлделі орыннан көрінуіне үлестерін қосып, сонымен қатар алқалы жиыннан көп нәрсе үйреніп, олжалы оралғандарын айтады.
– Менің міндетім – локомотив бригадасын жұмысқа шақырып, олардың сағатын, демалысын реттеп отыру. Жұмысымыз автоматты жүйенің арқасында жеңілдеді. Бұрын машинистердің
сағатын қолмен жазып, журнал толтыратынбыз. Қазір ол артық жұмыстан арылдық, бәрін дайын бағдарламаға енгіземіз. Наряд жазушы да машинистің жұмысқа барып келгенін, сағатын, қандай тепловозбен барды, қандай пойызбен жүрді, жолда не болды – бәрін қолмен жазатын. Енді машинист жолға бара жатқанда оған тасымалдаушы НПМ жад модулі (носитель модуль памяти) беріледі. Жол сапары соған автоматты түрде жазылады. Біз оны бақылап отырамыз. Біздің жұмысымыз осылай автоматтандырылған. Бірақ машинистер бағдарламасы әлі іске қосылмағандықтан қағаз толтыруларына
тура келеді. Болашақта олар да автоматтандыру жүйесінің игілігін көреді деп ойлаймын.
Астанада өткен семинардан біраз пайдалы мағлұматтар алдым. Жалпы оқысам, үйренсем, меңгерсем деген адамға қанша жаста да кеш емес, – дейді еңбек жолын 1990 жылы жүк қабылдап-тапсырушы болып бастаған Күләш Байжаунова.
Бақтыгул Қойшыбайқызының да еңбек өтілі отыз жылға таяпты.
28 жылдың 25 жылында жедел техникалық есептеу орталығында оператор болыпты. Сондықтан оған депоның барлық сандық көрсеткішерін сарапқа салып, жедел ақпарат беру «көзді жұмып» атқаратын үйреншікті шаруаға айналған. Депоның барлық көрсеткіштері осы орталықтан сарапталып, тиісті орындарға жіберілетіндіктен, мұндай жауапты орталықты басқарып отырған Бақтыгүл
Арықбаеваның еңбегі ерекше.
Жуырда депо басшылығы мен кәсіподақ ұйымы ұжымда автоматтандыру жүйесінің таралуына ықпал етіп жүрген қос қызметкерді Алғыс хатпен марапаттады.
Шахида ЖҰМАН, Маңғыстау
Суретті түсірген автор