You are currently viewing Half Marathon жарысында – теміржолшылар

Half Marathon жарысында – теміржолшылар

  • Post category:Новости

Өткен демалыста Нұр-Cұлтан қаласында cпорт және салауатты өмір салтын ұстанатындар үшін Nur-Sultan Half Marathon жарысы өтті. Жарысқа «ҚТЖ» ҰК»АҚ-ның бас инженері Батыр Котырев бастаған «Railways Athletics club» Қазақстан теміржолшыларының спорт одағына мүше 24 теміржолшы қатысты.

– Теміржолшылар арасында спортпен айналысатындар көп. Осындай халықаралық спорт бәсекелерінде бой көрсету арқылы олар өзгелерге салауатты өмір салтын насихаттауда үлгі болуда. Бүгінгі марафон өте жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушыларға да, қатысқын әріптестерге де көп рахмет, – деді Б. Котырев.

EXPO халықаралық көрме орталығының аумағында өткен марафон 21,1 км, 10 км қашықтыққа скандинавиялық жүріс бойынша ұйымдас- тырылды. Қатысушылар орталық көшелермен, елорданың көрікті орындары – NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайы, Бәйтерек, Хан Шатыр, Тәуелсіздік сарайы, Ботаникалық бақ аудандарымен жүріп өтті. Жарысқа шамамен 4 мың адам қатысып, марафон аясында ауқымды ойын-сауық бағдарламасы әзірленді. Барлық қатысушыларға мәреші медалі берілді. Абсолютті санаттағы 21 шақырымға жүгірген ерлер мен әйелдер арасындағы жүйріктер ақшалай сыйлықтармен марапатталды: 1 орын – 450 000 теңге, 2 орын – 400 000 теңге, 3 орын – 350 000 теңге. 21 км және 10 км қашықтыққа жүгіретін белгілі бір жас санатындағы жеңімпаздар серіктестерден сыйлықтар алды.

Жарысқа қатысқан теміржолшылар ҚТЖ логотипі бар арнайы спорт киімдерімен көзге түсті. «ҚТЖ» ҰК» АҚ Техникалық саясат департаментінің бас менеджері Сағат Қабиевтің айтуынша, жол жақсы, тақтайдай тегіс, бірақ күн ыстық болғандықтан жүгіру оңай болмаған.

– Қатысушылар арасында компанияның Орталық аппаратынан, қозғалыс қауіпсіздігі департаментінен, техникалық саясат департаментінен, еншілес ұйымдардан – «Қазтеміртранс» АҚ-дан, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-дан, Қостанай ШЧ-дан теміржолшылар болды. Біз бәріміз 21 шақырымға жүгіріп өттік, – дейді С. Қабиев.

Марафон нәтижесінде әуесқой спортшы ретінде қатысқан теміржолшылар арасынан жоғары көрсеткішке жетіп, қашықтықты 1 сағат 35 минут 34 секундта жүгіріп өткен Қостанай белгі беру және байланыс дистанциясының бастығы Нұрлан Иқсанов бірінші келді. Алайда ол теміржолшылар арасында бірінші келгенмен жалпы қатысушылар тізімі бойынша 134-ші болып жеткен, сондықтан негізгі жеңімпаздар ретінде осы саладағы кәсіби марафоншылар жүлделі орындарға ие болды.

Райхан Рахметова

Суретті түсірген автор