Вы сейчас просматриваете Кәсіподақ күніне орай интеллектуалдық ойын өтті

Кәсіподақ күніне орай интеллектуалдық ойын өтті

  • Рубрика записи:Новости

Кәсіподақ күніне орай Абай облыстық Кәсіподақ орталығы ерекше іс-шара өткізді. Атаулы күнге орай аймақтағы кәсіподақ ұйымдары арасында «Quiz» ойынын ұйымдастырды. Шараға семейлік теміржолшылар да қатысты.
Жоғары интеллект, қисынды ойлау, тапқырлық пен жылдамдық сынға түсетін осынау сайысқа теміржолшылардың «Темір логика» командасын «Қазкөліккәсіп» ҚБ-ның Семей аймағы бойынша өкілі Есен Қажығұлов бастап барды.
Соңғы жылдары елімізде кеңінен танымал бола бастаған бұл ойынның мақсаты – жастардың ой-өрісін кеңейтіп, білімдерін жетілдіру, таным қабілетін шыңдап, үнемі ізденіс үстінде жүруге құлшындыру. Бұрындары теледидардан көретін «Миллион кімге бұйырады?», «ХХІ ғасыр көшбасшысы», «Не, қайда, қашан?» сынды бағдарламалардың жалпақ жұртшылыққа лайықталған форматы.
Зияткерлік ойын барысында әр топ қойылған сұрақтарға тапқырлықпен тез әрі шапшаң түрде 30-60 секунд ішінде жауап беруі тиіс болатын. Олар сондай-ақ логикамен де сыналды. Қатысушылар әртүрлі жаста болғандықтан, қойылған сауалдар да түрлі тақырыптарды қамтыды.
Осы орайда қойылған сұрақтарға мейлінше жылдам әрі нақты жауап берген және барлық 5 тур бойынша жоғары ұпаймен көш басын бермеген теміржолшылардың «Темір логика» командасы бірінші орынды жеңіп алды. Олар осы ойында ең жоғарғы 24 ұпайды еншіледі. Кейінгі орындарды өзге еңбек ұжымдарының «Сепаратор», «Қызмет» және «Тәуекел» командалары иеленді. Жеңімпаз командаларға арнайы әзірленген сыйлықтар салтанатты түрде табыс етілді.
– Қазір ақылды, білімді, үнемі ізденісте болу сәнге айналған заман. Бұл орайда «Quiz» ойындары белгілі бір ақпараттарды қорытуға, қисынмен ойлауды дамытуға септігін тигізеді. Тіпті жиналып қалған негативті эмоцияны да осында келіп шығаруға болады. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген бар. Бұл ретте біз ҚТЖ бойынша өткізіліп жүрген түрлі интеллектуалдық сайыстарда да топ жарып жүрміз. Мәселен, жуырда ұлттық компания қызметкерлері арасында өткен онлайн тренинг-семинар барысында да НОД-ЖТ-5 командасы жүлделі бірінші орынды жеңіп алған болатын, – дейді әуесқой «Quiz» ойыншысы Бауыржан Көкенов.
Биылғы Кәсіподақ күнінің өзгеше леппен, есте қаларлықтай қызғылықты іс-шарамен өткеніне бәрі разы болды.
Қуаныш Қожаев