You are currently viewing МАҚСАТ – ҚАТЕЛІККЕ ЖОЛ БЕРМЕУ!

МАҚСАТ – ҚАТЕЛІККЕ ЖОЛ БЕРМЕУ!

  • Post category:Новости

Теміржол саласында күн тәртібінен түспейтін мейлінше өзекті мәселелердің бірі – қозғалыс қауіпсіздігі. Семей ЖТ бөлімшесі бойынша аталмыш жайттың маңыздылығы тіптен арта түсуде. Оған себеп, ағымдағы жылдың алты айында жүк айналымының күрт артып, рекордтық көрсеткішке жетуі, осыған орай қозғалыс жиілігінің артуы болып отыр.

Десек те, жоспарлы шаралар аясында семейлік теміржолшылар оң нәтижелерге қол жеткізуде. Шығыстағы жүк айналымы соңғы бес жылдың ішінде отыз пайызға артыпты. Соңғы 6 айда жүк айналымының жалпы көрсеткіші 4002 млн т шақырымды құраған. Сәйкесінше, жылжымалы құрамдардың қозғалыс қауіпсіздігін қадағалауға да басымдық берілген. Бұл шаралардың сыртында тастанды пойыздарды болдырмау мақсатындағы қолға алынған жұмыстар қатары тағы бар. Осылайша, қозғалыс саласында қалтқысыз қызмет көрсететін теміржолшылар үшін қауырт шақ орын алған болатын. Десек те, көзделген міндеттемелерді толық орындау барысында қауіпсіздікке айтарлықтай нұқсан келген жоқ. Мәселен, өткен жылдың алты айында қозғалыс қауіпсіздігін бұзудың 5 фактісі орын алған болса, биылғы есепті мерзім бойынша оның саны 4-ке төмендеді. Семей ЖТ бөлімшесінің өндірістік-техникалық бөлімі мамандарының сөзіне сүйенсек, оған бірқатар нақты факторлар себеп болған. Бірінші кезекте соңғы жарты жылдың ішінде желі бойында қозғалыс қауіпсіздігі жағдайын анықтау мақсатында 621 тексеру жүргізіліп, 144 ескерту жасалған.
Сонымен қатар 60 сөгіс жарияланыпты. Яғни кемшіліктерге жол бермеу бойынша жүйелі түрде жұмыстар жүргізілген болатын.
Әйтсе де, қауіпсіздік қызметінде мейлінше жоғары нәтиже беретін бірден-бір шара мамандардың кәсіби біліктіліктерін шыңдау екендігі белгілі. Бұл орайда есепті мерзім ішінде қозғалыс саласындағы мамандарға 211 мәрте теориялық тұрғыдағы техникалық дәрістер өткізілген. Сол тәрізді практикалық техсабақтарға да кеңінен орын беріліпті. Бұл шаралар биылғы техникалық дәріс жылы аясында өткізілген-ді. Әйтсе де, өткен жарты жылдағы жетістіктердің бірі жолаушылар пойыздарын кестеден кешіктірмеу және вагондар мен локомотивтердің ақауына жол бермеу болып отыр. Яғни қозғалыс барысындағы жылжымалы құрамдардың ешбіріне қауіп төндірерлік нұқсан келмеген. Нақтырағы, апаттық жағдайға жол берілмеді. Осы орайда қозғалыс қауіпсіздігі саласында уақытпен санаспай қалтқысыз еңбек етіп жүрген вагон қараушылар, пойыз диспетчерлері, станция кезекшілері, пойыз құрастырушыларының еңбектері ерен, қызметі бағалы. Қазіргі таңда аталмыш салада жетістіктерге жетіп, озат атанып жүрген теміржолшылардың есімдері нақтылануда. Олардың барлығы да алда келе жатқан кәсіби мерекеде марапатқа кенелмек. Ал семейлік теміржолшылар болса, қозғалыс қауіпсіздігі саласындағы кемшіліктер қатарын алдағы алты айда тағы да төмендетеміз деген сенімде.

Қуаныш ҚОЖАЕВ,
Семей
Суретті түсірген автоp