You are currently viewing Мамандары біліктіліктерін арттырды

Мамандары біліктіліктерін арттырды

  • Post category:Новости

Вагон шаруашылығының техникалық қызмет көрсету қосыны және «Вагонсервис» АҚ телім басшыларын дамытудың корпоративтік бағдарламасына сәйкес 2 айлық оқу модулі аяқталды. Өткен аптада еліміздің 17 өңірі бойынша вагон шаруашылығының өкілдері арнайы сертификаттарға ие болды.
Теміржол тарихында бірінші рет өткізіліп отырған вагон шаруашылығындағы ТҚКҚ және «Вагонсервис» АҚ телім бастықтарын оқыту бағдарламасына өңірлерден 70 жуық адам қатысып, екі ай ішінде олар онлайн және офлайн білім алды.
– Вагон шаруашылығы мамандарына негізінен пойыздар қозғалысы қауіпсіздігі, вагон паркінің сақталуы тақырыптары, сонымен қатар техникалық, экономикалық-қаржылық бағытта да, көшбасшылық қасиеттерін дамытатын, кадр саясаты бойынша да білім берілді. Енді олар осы алған білімін жергілікті жерде өзге әріптестеріне таратып, олардың да деңгейін көтеруі тиіс. Оқытылған мамандар арасынан ең үздік нәтиже көрсеткен 10 адам одан әрі білімін жетілдіруге Ресейге жіберіледі. Жалпы бұл бағдарлама арқылы олардың тек білім деңгейін арттырып қана қоймай, арасынан болашақта депо басшылары мен олардың орынбасары қызметіне лайықты кадрлар даярлау көзделеді, – дейді «ҚТЖ» ҰК» АҚ Вагон шаруашылығы департаментінің атқарушы директоры Қайраткен Нығметов.
Соңғы модульде бас қосқан вагон шаруашылығы мамандарына саланың басшылары мен білікті тренерлер дәріс беріп, тәжірибесімен бөлісті. Қатысушылар 6 командаға бөлініп, берілген тапсырмалар бойынша ой пікірлері мен жоба-ұсыныстарын қорғады. Түстен кейін комиссия мүшелері қатысушылардың білімі мен білігін бағалап, оларға түрлі номинацияларды бөліп берді. Қатысушылар «Вагон шаруашылығында жарақат алу жағдайларының алдын алу үшін қандай қосымша шаралар қабылдануы керек?», «Вагонсервис» АҚ телім бастығы мен ТҚКҚ бастығы қандай біліктіліктерге ие болуы қажет?» деген сұрақтарға жауап іздеді.
Іс-шара соңында қатысушыларға бірнеше номинация бойынша сертификаттар табысталды. Атап айтқанда, олар «Ең үздік командалық белсенділік», «Шешім қабылдағыштығы мен жеңіске деген ерік-жігері үшін», «Кәсіби біліктілігінің жоғары деңгейі үшін», «Шешімдерді табуда креативтілігі мен стандартты емес ойлау жүйесі үшін», «Кәсібилігі мен жоғары стандарттарға ұмтылысы үшін», «Шешім қабылдаудағы дұрыс жасалған тәсілдері үшін» деген аталымдар бойынша марапатталды.

Райхан Рахметова