СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ АЗАМАТ

  • Post category:Новости

Маңғыстау теміржолында кәсіподақ ұйымын басқарып отырған Әзірбай Тұрмағанбетовті нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жан десек жарасады. Кезінде ұстаздық етті, аудармашы, газетте тілші болды, ақындар айтысына қатысып жүлде де алды, ғылыми орталықты, мәдениет үйін, театрды басқарды.
Кәсіподақ жұмысына осындай еңбек сатысында мол тәжірибе жинақтап келді.

Наурыздың басында алпысыншы көктемін қарсы алып жатқан Әзекең осы жасқа ел ағасы деуге лайық беделімен жетіп отыр. Маңғыстаудың Шебір атты шағын ауылында туып-өсіп, еліне елеулі, халқына қалаулы азаматқа айналған жанның тек теміржол ғана емес, жалпы түбектің мәдениет саласына сіңірген еңбегі ерен.
– Мектеп бітірген соң Орал педагогикалық институтында оқыдым. 1981-83 жылдары Мәскеу қаласында Отан алдындағы борышымды өтеп, еңбек жолымды өзім оқыған мектептегі ұстаздықтан бастадым.
Маңғыстау аудандық, облыстық мәдениет саласында, облыстық телерадиода, аймақтық «Болат арна», республикалық «Қазақстан теміржолшысы» газеттерінде тілші болдым.
Негізінен мәдениет саласында жүрген мен үшін теміржолға келу қызық болды. Ол уақытта ардагер теміржолшы Қожахмет Уәзір Маңғыстау жол дистанциясын басқаратын.
Сырттай көріп-біліп жүрген екен, теміржолға аудармашы қызметіне шақырды. Бұл 2000 жыл болатын. Бірнеше жылдан соң кәсіподақ ұйымының төрағалығына сайландым да теміржолға біржола байландым, бүгінде өзімді басқа салада елестете алмаймын, – дейді кейіпкеріміз.
Дистанция кәсіподағының жұмысын ұршықша үйіріп, жолшылардың жоғын жоқтап, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүгіріп жүрген сауатты да елгезек төрағаны 2007 жылы өз алдына шаңырақ көтерген Маңғыстау теміржол бөлімшесінің кәсіподақ комитетін басқаруға шақырып, бірауыздан сайланады. Міне, содан бері түбек теміржолшыларының мүддесін қорғап, әлеуметтік игілігі жолында тер төгіп келеді.
Бөлімшедегі бірде бір басқосу, мәдени іс-шаралар Әзекеңнің қатысуынсыз өтпейді. Жас кезінен топқа түсіп, айтысқа қатысып жүрген жанға кез келген басқосуды басқару мен ұйымдастыру қиынға соқпайды.
Кәсіподақ жұмысында жүріп теміржол тарихына қатысты құнды деректерді жинастырып, «Теңіз бен түзді тоғыстырған теміржол» атты кітаптың жарыққа шығуына бастамашы болды.
– Отбасында ағам Қыдырбай Тұрмағанбетұлы екеуіміз өнерге біртабан жақын өстік. Ол өмірден небәрі 38 жасында өтіп кетті. Өлеңдері, прозалық, сатиралық жанрдағы шығармалары баспасөзде жиі жарияланып тұратын. «Тоғысқан тағдырлар» деген повесть жазған.
«Қалжыңдасуға қалайсыз?» атты сатиралық кітабы жарық көрген. Өзі өмірден өткесін қалған еңбектерін бір кітапқа жинақтап, жарыққа шығардым.
Соған еліктеп мен де мектеп қабырғасынан аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға жазып тұратынмын. Күні бүгінге дейін қолымнан қалам түскен емес, кітап оқымасам, жазбасам бірдеңе жетіспейтіндей болып тұрады, – дейді Әзірбай аға.
Орталық теміржолшылар кәсіби одағының өңірдегі өкілінің ерен еңбегі «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл», «Кәсіподақтағы белсенді қызметі үшін», тағы басқа төсбелгілермен аталып өткен.
Шахида ЖҰМАН,
Маңғыстау
Суретті түсірген автор