You are currently viewing ШҰҒЫЛ ТЕЖЕУ АЗАЙҒАН

ШҰҒЫЛ ТЕЖЕУ АЗАЙҒАН

  • Post category:Новости

Қандыағаш станциясында жылжымалы құрамды шұғыл тоқтату оқиғасы айтарлықтай азайған. Мамандар бұл көрсеткішті профилактикалық жұмыстардың нәтижесімен байланыстырады. Өткен жылы алғашқы тоқсанда тепловоздар 29 рет шұғыл тоқтатылса, биыл небәрі 8-ге төмендеген.
Қандыағаш станциясы мен желілік полиция бөлімінің қызметкерлері тағы да рейдке шығып, Жем, Әйтеке би, Никельтау, Шұбарқұдық станцияларында тұрғындармен кездесу өткізді. Теміржолдағы жүріп-тұру ережелерін түсіндіріп, буклеттер таратты. Темір жол айналасындағы шаруа қожалықтарын аралап, мал бағуға арналған арнайы ереже ескертілді. Мәселен, малды теміржолдан 300 метр қашықтықта арқандап жаюға болады. Ал бос малды бағуға темір жолдан екі шақырым қашықтықта ғана рұқсат етіледі. Ескерту белгісі немесе арнаулы өтпесі жоқ жерден мал айдауға мүлде болмайды. Кейде көп малды келесі бетке өткізуге тура келеді. Ондайда мал иесі міндетті түрде жергілікті жол дистанциясына ескертіп, уақытын келісуі керек.
Ардан СЕРДАЛЫ,
Ақтөбе