You are currently viewing Спартакиада: теміржолшылар жеңіске үлес қосты

Спартакиада: теміржолшылар жеңіске үлес қосты

  • Post category:Новости

Жақында елордада түркітілдес мемлекеттер теміржолшыларының II спартакиадасы өткені белгілі. Бірнеше елдің спортшы-теміржолшылары қатысқан байрақты бәсекеде I орынды ҚТЖ командасы алған болатын. Соның ішінде арқан тартудан команданың екі бірдей мүшесі ағайынды жігіттер екенін көпшілік біле бермейді.
ҚТЖ командасына жеңіс сыйлауға үлес қосқан Ержан мен Нұржан Амандықовтар Болашақ станциясында тұрады. Білекті жігіттер – Маңғыстау жол дистанциясының жол жөндеушілері. Болашақ пен Түркіменстан арасын байланыстырып тұрған теміржолдың салынуына маңдай терін төккен тәжірибелі жолшылар. Еңбек жолдарын жол құрылысынан бастаған олар 2011 жылдан бері дистанцияда еңбек етеді. Ол уақытта қос бауырдың жасы небәрі 18-19 да болған. Болашаққа қоныс аударып, алғашқы тұрғындардың біріне айналды. Құтты мекенде отау тігіп, өмірлерін Болашақпен байланыстырды. Міне, 12-13 жылдан бері Болашақ – Түркіменстан темір жолының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында еңбек етіп келеді.
– Спартакиадаға қатысып, өзімізді танытуға мүмкіндік берілгеніне ризамыз. Өзге елдердегі әріптестерімізді көріп, танысып, тәжірибе жинап қайттық. ҚТЖ командасы еншісіне жалпы 11 медаль тиді. Біздікілердің дайындығы да мықты еді. Көбі – спортпен бұрыннан айналысатын жандар. Біз де жастайымыздан еркін күреспен шұғылданғанбыз. Ата-анамыз ұстаз болғасын жастайымыздан спорт секцияларына жазғызып, оның қашанда керек екенін үйретіп, қадағалайтын, – дейді Нұржан Амандықов.

Шахида Жұман