Вы сейчас просматриваете ТАРЛАН ТЕМІРЖОЛШЫҒА ҚҰРМЕТ

ТАРЛАН ТЕМІРЖОЛШЫҒА ҚҰРМЕТ

  • Рубрика записи:Новости

Қызылорда жол дистанциясының ұжымы аймақ шойын жолына қырық жылдан астам еңбегі сіңген тарлан теміржолшы Әбділда Досымовқа құрмет көрсетіп, зейнет демалысына шығарып салды.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығы мен облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен», «Адал еңбегі үшін», «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» медалімен және Компанияның 25 жылдық мерейтойлық төсбелгісімен марапатталған Әбділда Досымовты пайғамбар жасымен құттықтаған дистанция басшысы Марат Оңалов пен кәсіподақ ұйымының төрайымы Ғалия Ноғайбаева бастаған
әріптестері су жаңа зейнеткерге ілтипат көрсетті, оның жүріп өткен жолын айтып, жастарға үлгі етті.
Он жеті жасынан теміржол саласында бастаған Әбділда Құрманғалиұлының еңбек жолы тақтайдай тегіс болмапты. Талай тар жол, тайғақ кешуді бастан кешкен отандық теміржолмен бірге өсіп, бірге жетілген. Өзі туып өскен Сұлутөбе станциясында теміржолшының отбасында 1957 жылы дүниеге келген Әбділда еңбек жолын жол жөндеуші болып бастап, тәжірибе жинай жүріп, білімін де жетілдірген.
– Дистанцияның тәжірибелі әрі кәсіби маманы ретінде Әбекең үнемі жауапты учаскелерде жұмыс істеді. Жолдарды күрделі жөндеу кезінде телім басында ол кісінің жүруі жолшыларға кәдімгідей күш беретінін кезінде талай көрдік.
Оның жауапкершілігіне жүктелген учаскелердің жол күтімі көктемгі және күзгі байқауларда жоғары баға алатын. Міне, бүгін осындай тәжірибелі теміржолшыны зейнеткерлікке шығарып салдық.
Орнын басатын жастар – кешег күні өзі тәрбиелеген шәкірттері, сондықтан жол күтімін сенімді қолға тапсырды деп сенеміз, – деді дистанцияның кәсіподақ ұйымының төрайымы Ғалия Ноғайбаева.
Әбділда Досымов арнайы жолдамамен 1978-1981 жылдар аралығында Алматы қаласындағы «Жол шаруашылығы және жол құрылысы» саласы бойынша білімін жетілдірген. Қызылорда жол дистанциясында жол бригадирі, жол шебері, аға жол шебері қызметтерін атқарды.
ДРП-1 мекемесінде бас инженер, Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінде «жол жөндеу сапасын тексеруші-қабылдаушы» болып та қызмет жасады. 2016 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Қызылорда жол дистанциясы бастығының орынбасары қызметін атқарды. Қазіргі кезде Әбекеңнің ұлы Рүстем де атасы мен әкесінің жолын жалғастырып, мекемеге қарасты 2-өндірістік телім басшысының орынбасары қызметін абыроймен атқаруда.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ,
Қызылорда
Суретті түсірген автор