You are currently viewing Теміржол тарихымен танысты

Теміржол тарихымен танысты

  • Post category:Новости

Төрт жыл бұрын ашылған Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің музейі бүгінде Тараз қаласындағы ерекше мәдени нысанның біріне айналып үлгерген. Мұнда арнайы келіп, темір жол тарихына қызығушылық танытатындар қатары аз емес.
Мұнда не жоқ?! Жүз жылғы тарихтан тәбәрік, «Түрксіб» магистралінің құрылысы кезіндегі көне заттар, сарғайған фотосуреттер секілді раритет жетерлік.
Және музей қоры жылдан-жылға толыға түсуде.
Жуырда Тараз теміржол көлік және коммуникация колледжінің өндірістік оқыту шебері Н.Құрманова бастап келген студенттер мұражайды аралап көріп, шойынжол тарихымен танысты. Болашағын осы саламен байланыстыруға бел буған жастар үшін бұл тамаша танымдық сабақ болғаны анық.
– Қазақстан темір жолының ғасырдан астам тарихы бар десек, сол кезеңнің көне жәдігерлерінің бірқатары осы музейде сақтаулы тұр. Жамбыл шойынжолының тарихы «Түркістан-Сібір», сосын «Мойынты-Шу» теміржолдарының құрылысымен тікелей байланысты, сондықтан сол кезде құрылысқа қолданылған заттар, 1937 жылы шығарылған телефон аппараттары, жол маманының балғасы, қолшамдар, т.т жәдігерлер кешегі күннен сыр шертеді. Ананы-мынаны сұрап, көне жәдігерлерді қолдарымен ұстап көріп, болашақ теміржолшылардың алған әсері ерекше болды, – дейді музей меңгерушісі
В.Букенова.
Музейдегі жәдігерлерді жинау оңайға соқпағаны белгілі. Тарихи деректерді ақтару, көне дүниелерді жинақтап, маңызын, салмағын саралау, олардың бәрін тізімдеу аз жұмыс емес. Бұл ретте сала ардагерлерінің еңбегі ерекше екенін атап өткен жөн.
Ардақ ҮСЕЙІНОВА, Тараз
Суретті түсірген автор