You are currently viewing Теміржол жөндеу

Теміржол жөндеу

  • Post category:Новости

Қазақстанда магистральдық желіні сауықтыру – өзекті мәселе. 2029 жылға дейін 11 мың км теміржол жөндеуден өтеді. Бұл туралы Мемлекет басшысының арнайы пәрмені бар. Өткен жылы ҚТЖ желісі бойынша 1443 км жол жөнделіп, рекордтық көрсеткіш орнады. Ал биыл 1401 км жолды жөндеуден өткізу жоспарланған.
Бұл туралы «ҚТЖ» ҰК» АҚ Магистральдық желі дирекциясы жол және құрылыс департаменті директорының орынбасары Берік Биятов «Магистраль» сарапшылар алаңында берген сұхбатында баяндады.
«Теміржол инфрақұрылымын тасымал тиімділігін арттыру факторы ретінде жаңғырту» тақырыбында берген сұхбатында ол 2023 жылы тасымал көлемі 464, 5 млрд тонна км/брутто болғанын, бұл фактор тікелей жол инфрақұрылымының тозуына әсер ететінін айтты. Себебі бұл тәуелсіздік тарихындағы рекордтық көрсеткіш, айтарлықтай ауқымды жүк айналымы. Осыған орай жол жөндеу жұмыстарының да көлемі өсіп, инфрақұрылым жаңғыртылып, түрлі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
– Компанияның басты міндеті – қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл – біз үшін ең негізгі фактор. Сондықтан біз жолды жөндеу, сауықтыру жұмыстарына айрықша мән береміз. 2024 жылға жоспарланған 1401 км жөндеу жұмыстарының 570 шақырымы – күрделі жөндеу. Биыл бірінші жартыжылдықта біз осы көлемнің 41 пайызын орындадық. Қалғаны жыл соңына дейін аяқталады. Жазғы жөндеу жұмыстары өңірлерге байланысты әртүрлі. Оңтүстік өңірлерде ақпанда басталып, желтоқсанға дейін жалғаса береді. Ал жалпы Қазақстанда барлық жөндеу жұмыстары наурызда басталып, қарашада аяқталады, – дейді спикер.
Оның айтуынша, жөндеу жұмыстарының көлемі жыл санап арта беретін болады. Мәселен, келесі жылы 1480 км жолды жөндеу көзделіп отырса, бұл көрсеткіш 2028 жылы 1760 км болады. Жөндеу жұмыстарының біразы шаруашылық жолымен, жартысы мердігер мекемелер күшімен жүргізіледі.