You are currently viewing Волейболдан өткен жарыс

Волейболдан өткен жарыс

  • Post category:Новости

Қызылорда станциясындағы салалық мекемелердің қатысуымен волейболдан өткен жарысты «Қазкөліккәсіп» ҚБ Қызылорда филиалының спорт бөлімі ұйымдастырып, демеушілік жасады.
Екі топқа іріктелген алты команда арасындағы жарыстың алғашқы іріктеу кезеңінде шеңберлі жүйемен ойын өткізген командалар, әр ойында жинаған ұпай санына қарай келесі кезеңге өтті.
Доданың алғашқы іріктеу кезеңінде кездесіп бақ сынағанда 1-2 ұпай айырмашылығымен мәреге жеткен «НЖС» пен «НОД-ГП» құрамалары финалдық ойында да бас жүлдеге таласты. Дегенмен нысанаға допты дәл түсіруде «НОД-ГП» құрамасы қарсыластарынан айласын асырды. Сонымен 3-орын Қызылорда локомотив пайдалану депосының «ТЧЭ34» құрамасына, 2-орын Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің «НЖС» құрамасына берілсе, 1-орынды Қызылорда қосалқы бөлімінің «НОД-ГП» құрамасы ойыншылары иеленді.
Жарыста епті ойын, шебер техникасымен сәтті пас шығаруға машықтанғандар, қарсыластың добын тордан кері қайтару сәтін үйлесімді ұйымдастыра білген ойыншыларға да атаулы жүлде тапсырылды.
Үздік қорғаушы аталымына Қызылорда қосалқы бөлімі инженері, «НОД-ГП» құрамасының мүшесі Талғат Сыздықов ие болды. «ДС Белкөл» құрамасының станция кезекші жанындағы операторы Жасұлан Аптыхалықов – үздік ойыншы, «ЭЧ-25» құрамасының ойыншысы Нұрғиса Мұратбек – үздік шабуылшы, ал «ВП-41» құрамасының кран машинисі Жандос Жүрсінов үздік үйлестіруші атанды.
Жүлдегерлерге Бауыржан Ахметов басқаратын аймақтық кәсіподақ ұйымы атынан диплом, арнайы медаль мен қомақты қаржылай сыйлық табысталды.
Азамат ҚҰЛЫМБЕТ, Қызылорда
Суретті түсірген автор