You are currently viewing Жұмысшылар ұсынысы ескеріледі

Жұмысшылар ұсынысы ескеріледі

  • Post category:Новости

Жұмысшылар мүддесін қорғауды мақсат етуші кәсіподақ ұйымдарының жұмысы теміржол саласында да жанданып келеді. Әсіресе ұжымдық келісімшарттың жұмысшылармен бірлесе талқылана отырып жасақталуы – соның бір айғағы.
Еңбек даулары бойынша мәселелер де өзара келісім арқылы шешіліп, әлеуметтік көмектер де ұжымдық шартқа сәйкес жүзеге асырылуда.
– «ӘТЖК» ЖШС-на қарасты «Атырау темір жол күзеті» филиалында 528 адам қызмет жасауда, оның 45-і – әйел адамдар. Қызметкерлердің барлығы – кәсіподақ мүшелері. Кәсіподақ комитетінің тікелей қатысуымен бөлімшелерде еңбекті қорғаудың қоғамдық бақылау жүйесі жұмыс жасауда. Филиал бойынша 100 зейнеткер тіркелген. Оларға жыл сайын қарттар күніне азық-түлік пакеттерін таратып, мерекелік іс-шараларға шақырамыз. Мүгедек қызметкерлерімізге және қызметкерлеріміздің тізімде тұрған мүгедек балаларына жыл сайын қайырымдылық көмек көрсетіліп отыр. Бұдан басқа жазғы демалысқа баратын 7-13 жас аралығында 432 бүлдіршініміз бар. Биыл оларға жазғы демалыс лагері ұйымдастырылды. Соңғы екі жылда филиалда өндірістік жазатайым оқиғасы болған жоқ, – дейді филиал кәсіподағының төрағасы Ғайни Шонаев.
Әрине күні-түні вагон күзету оңай жұмыс емес, әртүрлі күтпеген, өмірге қауіпті оқиғалар орын алуы мүмкін. Сондықтан жазатайым жағдайдың болмауы жақсы көрсеткіш саналады. Бөлімшеде мәдени іс-шаралар, спорттық жарыстар, әлеуметтік қоржын бойынша қайырымдылық акциялары өтіп, әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Оның ішінде тісті протездеу, теміржол көлігімен жол жүру шығынын төлеу, мерейтой, балалы болуға байланысты, Ауған соғысына қатысқандарға, отбасын құруға, т.б. бар. Өткен сегіз айдағы көмектің жалпы сомасы екі миллионнан асады.
«2023 жылдың маусым айында кәсіподақ мүшелерімен 2024-2026 жылдарға арналған Ұжымдық шартқа ұсыныстар енгізу бойынша жиналыс өткізілді. Онда жұмысшылар өз ұсыныстарын айтып, әлеуметтік бағыттағы көмектерді жақсарту бойынша ойларын ортаға салды. Жиналыс шешімі бойынша айтылған ұсыныстар қаперге алынып, міндетті түрде ұжымдық шартқа енгізілетін болады», – дейді төраға.

Қосұйым Мұқашев