You are currently viewing Жасыл   алаңда – жолшылар

Жасыл алаңда – жолшылар

  • Post category:Новости

Семей ЖТ бөлімшесіне қарасты Суықбұлақ станциясында көп жылдар бойы Жаңа-Семей жол дистанциясының басшысы болған, білікті жолшы Дәулет Садықовты еске алуға арналған мини-футболдан кезекті турнир болып өтті.

Аталмыш байрақты бәсекеге ПЧ-40 мекемесіне қарасты желі бойындағы барша жолшылар қатысты. Жаңа-Семей, Шөптіқақ, Делбегетей, Шар, Суырлы, Жарма сынды станциялардан барлығы 6 команда жиналды. Сайысқа кәсіподақ ұйымы мен дистанция басшылығы демеушілік етті.

Біріншілік беташарын ПЧ-40 директоры Мұрат Мамырбаев алғысөзбен ашты.

– Өз мамандығының шебері болған, соңында көптеген шәкірт тәрбиелеген ардақты әріптесіміз Дәулет Бағдатұлы арамызда жүрсе, 60 жасқа толар еді. Бүгінгі сайыста баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді ол өз сөзінде.

Турнир тартысты өтті. Қауырт қызметтен бір ауық бой жазып, жасыл алаң төрінде өзара шеберлік сынасқан кіл жолшылар осылайша үздіктерді анықтады. Ойын нәтижесінде Шар станциясының жолшылар қауымы айқын басымдықпен бас жүлдені жеңіп алса, екінші орынға Делбегетей жолшылары тұрақтады. Ал үшінші орынды Жарма станциясының жігіттері еншіледі.

Бұл жарысқа Садықовтар отбасы жүлделі орындар үшін бағалы сыйлықтар тағайындаған болатын. Тек жеңімпаздар ғана емес, әр команданың сұр мерген шабуылшылары мен қорғаушылары және қақпашыларына да арнайы жүлделер табысталды. Сонымен қатар, қызықты ойын көрсеткен жолшылар алғыс хаттармен марапатталды. Спорттық шараның соңы Суықбұлақ станциясында әйгілі жолшыға арналған ас беру рәсімімен жалғасты.

Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей

Суретті түсірген автор