Вы сейчас просматриваете ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКА: ЖАРЫС ЖОЛЫНДА ЖЕЛАЯҚТАР

ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКА: ЖАРЫС ЖОЛЫНДА ЖЕЛАЯҚТАР

  • Рубрика записи:Новости

Семей ЖТ бөлімшесі бойынша ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай спорттық шаралар қызу қарқынмен басталып кетті. Осыған дейін бөлімше бойынша үстел теннисінен кіл мықтыларды сарапқа салған теміржолшылар осы жолы ашық аспан астында жеңіл атлетикадан эстафета өткізді.

Бөлімшенің кәсіподақ ұйымы ұйытқы болған бұл жолғы шараға да қатысушылар мен жанкүйерлер мол жиналды. Эстафеталық сайысқа желі бойындағы теміржол мекеме- лерінен жасақталған жалпы саны 6 команда қатысты.

Салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Алик Досанов іріктеліп, кіл желаяқтарды жинаған спорттық шара қызықты да тартысты өтеріне сенім білдіріп, командаларға жеңіс тіледі. Бөлімше шеңберінде өтіп жатқан спорттық шаралардан шет қалмай, мейлінше белсенділік танытқан барша теміржолшыларға алғыс білдірді.

Сайыс тәртібі бойынша әуелі қыздар 100 метрлік қашықтыққа жүгіріп, жалаушаны ардагерлерге табыстауы тиіс болатын. Ал, жарысқа қатысқан аға буын өкілдерінен құралған команда да осы қашықтықты жүгіріп өтіп, кезек күтіп тұрған жастарға табыстауы тиіс. Олар мәреге дейінгі 200 метрді жүгіріп өтеді. Әрине, бұл жерде ең алдымен шешуші роль атқаратын – жылдамдық. 6 команда екіге бөлініп, жарыс жолына шықты.

Әуелгі болып сайысқа түскен НЖС-6, Семей станциясы мен ПЧ- 39 қыздары жүз метрді жылдам жүгіріп өтті, олардан эстафетаны қабылдап алған аға буын өкілдері де әлі қатарда екендіктерін дәлелдей білді. Ал, келесі айналымда сынға түскен Жаңа-Семей станциясы мен ВЧД-23 және ТЧЭ-24 қыздары да ширақ қимылдады. Жалаушаны бір-бірінен іліп алып жүгірген жас та, жасамыс та нағыз желаяқтарша өнер көрсетті.

Әйтсе де, сайыс соңындағы қорытынды бойынша іріктеліп шыққан кіл жүйріктер ғана жүлделі орындарға іліге алды. Бірінші орынды берілген межені небары 2 минутқа жетпейтін уақыт ішінде жүгіріп өткен ПЧ-39 мекемесінің қыздары мен жігіттері жеңіп алды. Ал, екінші орын Жаңа-Семей станциясына бұйырса, жүлделі үшінші орынды Семей локомотив пайдалану депосының желаяқтары иеленді.

Жеңімпаз командаға арнайы кубок табыс етілсе, өзге командаларға алғыс хаттар берілді. Мұнымен қатар, үздік өнер көрсеткен жүлделі командаларға ақшалай сыйлықтар да берілді.

– Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай спорттық шаралар өткен аптада бастау алған болатын. Мерекелі күнге дейін теміржолшылар қауымын әлі де түрлі сайыстар мен жарыс жолдары күтіп тұр. Алдағы уақытта мекемелер арасында во- лейбол мен баскетболдан біріншілік өтеді, – деп хабардар етті бөлімшенің «Локомотив» спорт клубының нұсқаушысы Наталья Мешкова.

Қуаныш ҚОЖАЕВ,

Семей