You are currently viewing Жол сауықтыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

Жол сауықтыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

  • Post category:Новости

Бүгінде шығыстағы Жарма өңірінде жұмыс қызып тұр. Жазғы жол жөндеу жұмыстары шеңберінде жуырда аймақтағы Қапанбұлақ – 12-ші жол айрық және Қапанбұлақ – Нарбота станциялары араларындағы телімдер толықтай жаңартылып, заманауи талапқа сай етілді.
Қазіргі таңда желі бойының осы аумағында негізінен жол машиналарының жұмысына басымдық берілген. Мәселен, өткен аптаның ішінде күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты жергілікті жолшылар толаскез алып, жалпы көлемі 4,5 шақырымды қамтитын он жұп бунақ орнатты. Бұл шараларға бір мезгілде жалпы саны 8 тепловоз жұмылдырылған.
Мұндай қауырт жұмыстар жиі орын алып тұрады. Мәселен, осыған дейін жолшылар қауымы үш тәуліктік толаскез де алған болатын.
Сол тәрізді Балықтыкөл – 12-ші жол айрығы қумажолы да толықтай жаңартылып жатыр. Жолшылар бір демде 2,1 шақырым жол бойын темірбетон шпалдарға ауыстырып шықты. Қажетті материалдарды жеткізуде кедергі жоқ.
Бүгінде күрделі жөндеу жұмыстары аясында жыл соңына дейін жалпы көлемі 85,2 шақырым желі бойы жаңартылмақ. Айта кетерлігі, мұндай ауқымды жұмыс Семей ЖТ бөлімшесінің тарихында алғаш рет орын алуда. Жұмыс барысын «ПМС Астана» мердігер компаниясы толық күшінде жүргізуде.
Осылайша қазіргі таңда Қапанбұлақ – Нарбота станциялары аралығы толықтай жаңартылды. Ендігі меже Жарма өңіріне қарасты Суырлы қумажолына дейінгі аралықты жаңалап шығу болып отыр.
Сонымен қатар осы шаралар аясында 62 бағыттамалы бұрманы ауыстыру көзделуде. Қазіргі таңда олардың 30 жиынтығы жаңартылған. Небары бір аптаның ішінде күллі бөлімше бойынша бес бағыттамалы бұрма жиынтығы ауыстырылыпты. Бұл бағыттағы жұмыстар таяу аралықта толықтай жүзеге асырылады деп жоспарлануда.
Бұл орайда жазғы жол сауықтыру ісінде алғы шепте келе жатқан Қанат Абдуғалиев сынды тәжірибелі жолшы жетекшілік ететін Жаңа-Семей жол дистанциясының жолшыларына түсетін салмақ біршама ауыр болып тұр. Алғашқы қар жауғанға дейінгі аралықта жоспарланған, атқарылуы тиіс межелі шаралар қатары көп. Тек Жарма өңірі бойынша ғана емес, қозғалыс жиілігі аса жоғары саналатын тораптық Жаңа-Семей жүк станциясында да кірме жолдарды жаңалап, бағыттамалы бұрмаларды ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл орайда ПЧ-40 жолшылары міндеттелген шаралар қатарын еңсеріп жатыр. Ең маңыздысы сол, жол сауықтыруға қажетті материалдар мен жол машиналарын жеткізу ісінде кедергі жоқ. Ауа райының аптап ыстық болуына қарамастан жалпы жұмыс барысы межеге сай жүргізілуде.
Қуаныш Қожаев