You are currently viewing Жолаушы құрамдары талапқа сай ма?

Жолаушы құрамдары талапқа сай ма?

  • Post category:Новости

Жолаушыларды тасымалдайтын құрамдар тиісті талапқа сай болуы үшін қандай критерийлерге жауап беруі керек? Ақтөбеде облыстық көлік инспекциясы сегіз айда өңірден өткен 500-ден аса вагонды тексеріп, оның 50-ге жуығын ағытуға шешім қабылдаған.
Ақтөбе облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы 29 тамыз күні Ақтөбе теміржол вокзалында көшпелі баспасөз мәслихатын өткізіп, оның барысында жолаушылар құрамдарының Жолаушыларды тасымалдау ережесінде көрсетілген талаптарға сәйкестігін тексеру қалай жүргізілетінін түсіндіріп, сонымен қатар жыл басынан бері жүргізілген тексерулердің қорытындысын да жариялады.
Әрине, техникалық талаптарға сай емес вагондардың халыққа қызмет көрсетуі шектеледі. Атап айтқанда жолаушы вагондарында санитарлық тазалықтан бастап, өрт қауіпсіздігінің сақталмауы мен ауа баптау кондиционері жұмыс істеуі, т.т. сапалы қызметті қалыптастырудың белгілі қағидаты бар.
Ақтөбе вокзалының перронында өткен баспасөз мәслихатында жыл басынан бергі тексеріс нәтижелерін жариялаған инспекторлар көптеген вагондарда қарапайым өрт қауіпсіздігі сақталмайтынын жеткізді.
«Көлік инспекциясы биыл Ақтөбеде 48 вагонды тоқтатты. Өрт қауіпсіздігі, желдеткіштегі кемшіліктер анықталды. «Жолаушылар тасымалы» АҚ қызметіне қарасты барлығы 39 пойызға тексеріс жүріп, 565 вагон қаралды. 48 вагон қайта жөндеуге ағытылды. Тасымал қызметіне қатысты барлық техникалық талаптар ескерілді», – деді Ақтөбе облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы бақылау бөлімінің басшысы Гегамян Нарек.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ-мен бірге анықталған заңбұзушылықтар тіркеліп, әкімшілік хаттамалар толтырылғаны хабарланды. Инспекторлар перронда жолаушылармен де сұхбаттасып, шағымдарын тыңдады. Темір жолдағы тасымал қызметін пайдаланушылар арасында желдеткіштерге қатысты шағым көп. Халық вагондардың ыстықтығына, ауа алмасудың болмайтындығына, пойыздардың кешігетініне наразылықтарын білдіріп жатты. Сонымен қатар жолаушы пойыздарының қызметіне көңілдері толатынын, сондықтан маусымның кез келген уақытында тек пойызбен сапар шеккенді қалайтындарын білдірген жолаушылар да аз болған жоқ.
Көліктік бақылау инспекциясы өкілінің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта тексеру жұмыстары аяқталған жоқ. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша әкімшілік жаза қарастырылатын көрінеді. Өрт қауіпсіздігінің сақталмауы мен кондиционердің жұмыс жасамай тұруына қатысты 8 айдың ішінде 39 пойызда 130 заңбұзушылық анықталып, кемшіліктерге жол бергендерге қатысты 10 АЕК дейін айыппұл төлеу жазасы қарастырылған.
Айта кетсек, кластан тыс Ақтөбе темір жол вокзалынан тәулігіне 58 пойыз өтеді, шамамен 3-4 мың жолаушыға қызмет көрсетеді.
Ел аумағындағы ғана емес, халықаралық қатынастағы пойыздар қозғалысы да қамтамасыз етіледі. Вокзалдағы жолаушыларға көрсетілетін сервистік қызмет талаптарына көлік инстекциясының шағымы жоқ, барлық мүмкіндіктер жан-жақты ескерілген. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған билет кассалары, электронды кезек жүйесі жұмыс істеп тұр. Жалпы саны тоғыз касса бар. Оның үшеуінің жұмысы «Жолаушылар тасымалы» АҚ тарапынан ұйымдастырылған. Қалған кассалар жекеменшік кәсіп иелеріне тиесілі.
Жүк сақтау қоймасы, күту залы, мүгедектерге арналған демалыс бөлмесі жұмыс істеп тұр.
Қоғамдық тәртіпті әскерилендірген күзет қызметі қамтамасыз етеді.
Суретті түсірген автор