Вы сейчас просматриваете Жолдама – машинистер командасында

Жолдама – машинистер командасында

  • Рубрика записи:Новости

Қызылордада теміржолшылар арасындағы «Қазкөліккәсіп-2021» шағын футбол лигасының кезекті іріктеу туры өтті. Оған салалық бөлімшенің сегіз тораптық құрамасы қатысып, өзара ойын нәтижесінде үздік команда анықталды.

Турнирдің ашылу салтанатында әріптестеріне қызықты да қауіпсіз ойын өткізіп, салауатты өмір салтын ұстануға шақырған бөлімше басшылығы мен кәсіподақ өкілдері қатысушыларға сәттілік тіледі.

  • Қазіргі эпидемиялық жағдайға байланысты спорттық іс-шаралар мен жарыстар бұған дейін онлайн форматпен өткізіліп келген болатын. Енді «Қазкөліккәсіп» ҚБ басшылығының рұқсатымен бүгінгі футбол ойыны ұйымдастырылуда. Және де салауатты өмір салтын қатаң ұстанып, алдағы күндерде өткізілетін мәдени көпшілік, бұқаралық спорт түрлерінен өтетін жарыстарға белсене қатысуға шақырамын. Турнирде жеңіске жетіп, Тараз қаласында өтетін аймақтық ойын жолдамасына ие болуға барлық команданың мүмкіндігі бар, сәттілік тілеймін, – деді «Қазкөліккәсіп» ҚБ Қызылорда филиалының төрағасы Бауыржан Ахметов.

Шілденің аптап ыстығына қарамастан жұмыс формаларын спорт жейдесімен алмастырып ойын алаңына шыққан теміржолшылардың ойыны тартысты да қызықты өтті. Әрине, барлық команда тырысып баққанымен, жалғыз жолдаманы иелену оңай болмады. Кейде командаларға өзара түсінісу, пас берудегі шеберлік жетпей жатса, кейде дайындықтың төмендігі де байқалып тұрды, дегенмен қарсыластарының осал тұсын дөп тауып, шеберліктерімен ерекшеленген команданың бағы мен бәсі жоғары екенін де анықталды. Ойын нәтижесінде «ТД-23» құрамасынан Еркебұлан Дүйсекеев үздік шабуылшы, «НОДГП» қомандысының ойыншысы Айбек Айшықов үздік қорғаушы, «НЖС» құрамасынан Роман Киняев үздік қақпашы, «ТД-23» құрамасынан Нұрғиса Сарменов үздік қорғаушы аталымымен ерекшеленіп құрметке бөленді. Дүбірлі додада қарсыластарын ұпай санымен айқын басымдықпен жеңген қазалылық «ТД-23» құрамасы үшінші орын, Сексеуілден келген «ЭЧ-26» командасы жүлделі екінші орынды қанжығаларына байласа, турнирдің жалғыз жолдамасымен бірінші орынды Қызылорда локомотив пайдалану депосының «ТЧЭ» командасы еншілеп, алдағы күндерде оңтүстік аймақ құрамаларының Тараз қаласында өтетін футбол додасына баратыны айқындалды. Ойыншыларға кәсіподақ ұйымы атынан бағалы сыйлықтар мен кубок және дипломдар табысталды.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда