ҚЫС ҚЫЗЫҒЫ – БАЛЫҚ АУЛАУ

  • Post category:Новости

«Өзен жағалағанның өзегі талмас» дегендей, көптеген балықшылар үшін қысқы балық аулау бұл хобби ғана емес, бүгінде күнделікті азығы да. Ал Жайықтың бойында өскен халық үшін балық аулау – демалыстың кең таралған түрі.
Жуырда өңір теміржолшылары осындай жақсы демалыс күнін өткізді. Атырау жүк тасымалы бөлімшесі кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен «Қысқы балық аулау күні» өтіп, оған жүк тасымалы және магистральдық желі бөлімшелерінің қырықтан астам жұмысшысы қатысты.
Олардың әрқайсысы мұз астынан балық аулауда өз шеберліктерін көрсетуге тырысты. Балық аулаудың қызығына түскен адамды тоқтату мүмкін емес. Бұл жолы да мұз үстіндегі бәсеке қытымыр аязға қарамастан қыза түсті.
– Ұжымдағы командалық бірлік қашан да маңызды. Қысқы балық аулау жарысын ұйымдастырудағы мақсат – салауатты өмір салтын насихаттау, корпоративтік рухты және ұжымдардың өзара бірлігін нығайту. Жарысқа екі бөлімшеден қырықтан астам адам қатысуға ниет білдірді.
Ішінде кәсіби балықшыға айналғандары да бар. Мұз үстінде балық аулау – әрі қызық, әрі тазаауадағы тамаша демалыс. Теміржолшылардың бір сәт демалғаны да керек қой, – дейді спорт нұсқаушысы Ринат Иманғазиев.
Жарыс қорытындысы бойынша «Ең бірінші балықты аулаған» – Ақжайық белгі беру және байланыс дистанциясының электр механигі Б.Әбуғалиев, «Ең көп аулаған» – Атырау станциясы бастығының орынбасары Б.Аяуов, ал «Ең үлкен балықты» ұстаған Махамбет станциясының бастығы Ж.Қалиханов болды. Жеңімпаздар арнайы диплом және ақшалай сыйлықпен, ал барлық қатысушылар ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Айта кетерлігі, шара барысында барлық қауіпсіздік шаралары алынып, балық аулау ережеге сәйкес жүргізілді.

Қосұйым МҰҚАШЕВ, Атырау
Суретті түсірген автор