You are currently viewing Ғасырдан да ұзақ жол

Ғасырдан да ұзақ жол

  • Post category:Новости

Үш мемлекеттің ортақ жобасы, Парсы шығанағына жол ашқан Өзен – Берекет – Горган магистралінің жалпы ұзындығы – 938 шақырым. Оның 146 шақырымы Қазақстан аумағы, 700 шақырымы – Түркіменстан, 92 шақырымы Иран аумағы арқылы өтеді. 2009 жылы Маңғыстаудың Өзен станциясынан алып жобаның қазақстандық бөлігі – «Өзен – Түркіменстан шекарасы» желісінің құрылысы басталды. Трансшекаралық жоба құрылысшылары ауыр климаттық және географиялық жағдайда, елсіз-сусыз далада 50 градустық аптап ыстықта жұмыс істегеніне қарамастан Өзен – Түркіменстан шекарасы желісі қысқа мерзімде салынып бітті. Жол бойынан Болашақ, Бопай, Ақбөбек сынды жеті станция-бекет салынып, заманға сай дабыл және байланыс жүйесі құрылғылары орнатылды, 72 жасанды нысан, вокзалдар мен тұрғын үйлер бой көтерді.
«Өзен – Түркіменстан шекарасы» желісі, яғни қазақстандық бөлігі ресми түрде 2011 жылы 9 желтоқсанда пайдалануға берілді. Қазақстанның транзиттік және экспорттық әлеуетін арттыруға, солтүстіктен оңтүстікке дейінгі қашықтықты 600 шақырымға қысқартуға, Парсы шығанағына және Иранның теңіз порттарына шығуға, жүкті тасымалдауға кететін көліктік шығындарды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берген «Өзен – Берекет – Горган» желісі «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізінің
жылдамдығын арттырды және үш мемлекеттің көлік ағынына ғана емес, Азия – Еуропа бағытындағы тасымалдардың географиясына да ықпал еткені даусыз. Жалпы алғанда, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдердің жүктерін Парсы шығанағына, сондай-ақ Түркия мен Еуропа мемлекеттеріне тездетіп жеткізуге мүмкіндік берген теңдессіз жоба болды.
Қытайға ашылған екіншіқақпаға «Жетіген – Қорғас» желісі жол ашты. Құрылысы 2009 жылдың тамызында басталған жаңа желі Қытай мен Қазақстанның оңтүстік аймақтары және Орталық Азия елдеріне дейінгі қашықтықты 550 шақырымға
дейін қысқартуға мүмкіндік берді. 4000-ға жуық адам және 1600 техника тартылған құрылыс өте ауқымды жүрді. Жаңадан 14 станция мен разъезд бой көтеріп, 30 көпір мен толып жатқан жасанды құрылыстар салынды. Іле өзені арқылы өтетін
бір ғана көпірдің ұзындығы 997 метрді құрады. Екі өткел жол салынды. Жаңа көлік дәлізініңбтораптық станциялары Жетіген мен Алтынкөл бекеттері бой түзеді. 2012 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілген желі Қазақстанның халықаралық көлік-логистика жүйесіне инфрақұрылымдық жағынан ықпалдасу жөніндегі трансұлттық жобасының маңызды бір бөлігі болатын. Ол еуразиялық тауар ағынының тасымалдану уақыты мен жол қашықтығын қысқартуға мүмкіндік берді.
Орталық Қазақстан мен Батыс Қазақстан аумағы арқылы ауқымды теміржол магистралін салу туралы идея ертеден сөз болып жүрді. «Жезқазған – Бейнеу» және «Арқалық – Шұбаркөл» темір жолдарының құрылысы қазақ елінің осы арманын жүзеге асырған жобалар болды. 2012 жылы құрылысы басталған қос желінің екеуі де осал емес еді. Дегенмен ұзындығы мың шақырым дерлік «Жезқазған – Бейнеу» жобасы теміржол саласындағы жобалардың ең ірісі болды. Құрылыс барысында 6300-ден астам жұмыс орны ашылып, 60 миллион текше метр топырақ төселіп, электр энергиясымен қамту нысандары салынды, оптикалық-талшықты байланыс желісі тартылды, дабыл және байланыс құралдары орнатылды. 1400 километрден астам негізгі және станциялық жолдар салынып, 55 көпір бой көтерді және 665 су өткізетін құбыр тартылды. Осыған дейін тұйық станция болып келген Арқалықтың бағын ашқан «Арқалық – Шұбаркөл» желісінде де ауқымды жұмыстар жүргізілді.
2014 жылы қос желі де пайдалануға беріліп, Қазақстанның көліктік-транзиттік әлеуетін еселеп арттырған жобалар сәтті жүзеге асты.
Небәрі 14 шақырымдық Боржақты – Ерсай желісі туралы да айтпай кете алмаймыз. 2014- 2015 жылдары салынған жобаны іске асыру барысында 22 км жол төселіп, инфрақұрылымдар салынды. Телім заманауи микропроцессорлық жүйемен қамтамасыз етілді. Боржақты – Ерсай желісінің басты қызметі – жаңадан салынып жатқан Құрық портын магистральдық теміржол желісімен байланыстырып, Транскаспий бағытын Қазақстан арқылы өтетін Кавказ және Оңтүстік Еуропа нарығына қарай ұзарту болды.
Нәтижесінде Құрық теңіз порты магистральдық инфрақұрылымға тікелей кірігіп, халықаралық тасымал ағынына ықпалдасуға мүмкіндік алып, бүгінде толық қуатында жұмыс істеп тұр.
Тыңнан түрен салмаса да Алматы – Шу екінші жолдар құрылысының экономикалық тиімділігі мен маңыздылығы ерекше болды.
2015 жылдың сәуірінде Алматы – Шу теміржол учаскесін әрі қарай дамыту бағытында екінші жолдың құрылысы басталды. Ол аймақты дамытуда маңызды рөл атқаратын жоба еді, біржолды телімге түсетін көлік жүктемесі айтарлықтай азайып, өткелдер мен станцияларға кіреберіс жолдардағы кептеліс проблемасы жойылды. Нәтижесінде Алматы – Шу темір жол учаскесінің тасымал қабілетін кем дегенде үш есе арттырады деген болжам бүгінде шындыққа айналды. Жобаны іске асыру нәтижесінде 1500-ге жуық жұмыс орны ашылып, 110 км астам жол салынды.
2023 жылдың соңында, 17 қарашада Алматы станциясын айналып өтетін «Жетіген – Қазыбек бек» теміржолының құрылысы басталды. Алматы торабының жүктемесін 40 пайызға дейін азайтып, жүктерді жеткізу мерзімін екі есе қысқартатын желі құрылысы барысында 130 км жол салынып, 3 станция бой көтеріп, 13 көпір, 5 теміржол және бір автокөлік өткелі салынады деп жоспарланған.
152 км құрайтын «Дарбаза – Мақтаарал» желісінің құрылысы 27 қарашада басталды. Елдің көлік-транзиттік әлеуетін арттырып, қолданыстағы Сарыағаш – Ташкент телімінің жүктемесін азайтып, жалпы Түркістан облысының дамуына зор ықпал ететін жобаның болашағы зор.
Жол бойынан тағы 9 станция бекеттері ашылып, жүздеген жұмыс орны құрылмақ.
Ал 272 км құрайтын «Бақты – Аягөз» желісі Қытаймен 3-ші өткелге жол ашады. Теміржолды салу барысында Қытаймен Бақты – Шәуешек өткелі ашылады. Қазақстан мен Қытай арасында күн санап өсіп жатқан жүк тасымалын 28 млн-нан 48 млн дейін арттырып, оңтүстіктегі қос өткелде орын алып жатқан кептеліс мәселесін шешіп және қосымша тағы да транзит көзін тартуға мүмкіндік бермек. Жалпы, соңғы үш жылда тағы да 1300 км теміржол салынып, пайдалануға берілетін болады.
Сонымен қатар бұл құрылыстарда қазақстандық қамту үлесі 80-90 пайыз болады деп күтілуде.
Меруерт ӨМІРЗАҚОВА