You are currently viewing «АЛҒЫ ШЕПТЕ» – БАС ИНЖЕНЕРЛЕР

«АЛҒЫ ШЕПТЕ» – БАС ИНЖЕНЕРЛЕР

  • Post category:Новости

Алдыңғы күнi Астанадағы Компания қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және дамыту орталығында өңірлік деңгейдегі бас инженерлерге арналған «Алғы шеп» модульдік оқыту бағдарламасы іске қосылды.
Бағдарламаның ашылу салтанатына «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Юрий Лавриненко, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов және Аппарат басшысы Серік Кеулімжаев қатысты.
Бірінші сөз алған Юрий Лавриненко «Алғы шеп» модульдік бағдарламасының мақсат-міндеті бас инженерлер қызметінің тиімділігін арттыру, бөлімшелердің қызметін басқарудың озық құралдарын енгізу, бас инженерлер институтының жаңа мәртебесін қалыптастыру, заманауи форматтағы кәсіби және көшбасшылық құзыреттерді дамыту екеніне тоқтала келіп, осы бағдарламаны әзірлеуде «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның жалғыз құрылтайшысы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының рөлі мен маңызы зор екенін атап өтті.
Қанат Әлмағамбетов бұл бағдарламаға компанияның бас инженері жетекшілік ететін қызметтің, Адами ресурстарды басқару департаментінің тыңғылықты дайындалып жоғары деңгейде ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.
– Бас инженерлер қызметінің көкжиегі кең. Бас инженер деген сөз техникалық мәселелердегі бірінші басшы дегенді білдіреді. Бас инженерлердің техникалық білімдерін жетілдіру ұлттық компанияның басты назарында. Бүгінгі оқыту курсы сіздерге беріліп отырған үлкен білім қоржыны. Оны әрі қарай тарату сіздердің міндеттеріңіз болмақ, – деді Қанат Әлмағамбетов.
Сонымен, «Алғы шеп» модульдік оқыту бағдарламасын ұйымдастыруға негіз болған басты алғышарттарға тоқталсақ, біріншіден, Қоғамның қауіпсіздік деңгейінің көрсеткіштерін және еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік тұрақтылық деңгейінің көрсеткіштерін жақсарту болса, екіншіден, теміржолшылардың арнайы киімдермен және жеке қорғану құралдарымен уақытылы қамтамасыз етілмеуі себеп болған. «ҚТЖ» ҰК»АҚ Адами ресурстарды басқару департаментінің директоры Сауле Истлееваның айтуынша, біліктілікті арттырудың маңызды алғышарттарының біріне, академиялық білім мен дағдылардың жоқтығы да себеп болған, өйткені бас инженерлердің 70%-ға жуығы бакалавриат бағдарламасын аяқтай отырып, сырттай жоғары білім алған.
Екі ай бойы үш модульдік оқу сатысынан магистральдық желі дирекциясының, жүк және жолаушылар тасымалының өңірлік деңгейдегі 33 бас инженері өтеді.
Әрі қарай оқыту курсынан өткен бас инженерлер өз білімдерін желілік деңгейдегі қызметкерлерге беріп, бөлісетін болады. Өңірлік бөлімшелер, филиалдар және еншілес ұйымдардың бас инженерлері бес күн бойы үнемді өндіріс, еңбек қорғау мәселелерінің қыр-сырына қанығып, қауіпсіздіктің әртүрлі формаларын зерттеп, меңгеретін болады. Бас инженерлер құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлеріне арналған техникалық сабақтар өткізетіндіктен, оларға оқытудың негізгі ерекшеліктері мен оқыту процесінің құрылымын және әдістемесін жете меңгеру қажет.
Екінші модуль метрология – қызметтің құқықтық негіздері, цифрлық дағдылар және профайлинг тақырыптарын қамтып, онлайн форматта өтетін болады. Ал үшінші, қорытынды модульде тыңдаушыларды кейстерді практикалық талдау, жобаларды қорғау, қорытындылар шығару, ал ең соңында үш модульдік оқыту курсынан өткенін растайтын сертификаттар алу шарасы күтіп тұр.
Сұлугүл БАКЕСОВА,
Астана
Суретті түсірген
Александр ЖАБЧУК