You are currently viewing Құрметті демалысына шықты

Құрметті демалысына шықты

  • Post category:Новости

Жуырда Семей локомотив пайдалану депосында бір топ аға буын өкілдерін салтанатты түрде зейнеткерлікке шығарып салу рәсімі өтті. Олардың қатарында машинистер, депо бойынша кезекшілер, аға нарядчиктер бар.
Олардың барлығы да осы депоға талай жыл еңбегі сіңген тәжірибелі жандар. Ол жайында ТЧЭ-24 локомотив пайдалану депосы бастығының міндетін атқарушы Асхат Елубаев құттықтау сөзінде кеңінен тоқталып, айрықша айтып өтті.
Салтанатты жиын барысында зейнеткерлікке аяқ басқан барлық 12 қызметкерге ұзақ жылғы абыройлы еңбектері үшін басшылық тарапынан арнайы құрмет грамоталары мен ақшалай сыйлық табыс етілді.
Айта кетерлігі, ұлттық компанияның бағдарламасы аясында 55 жасқа толған 8 локомотив бригадасының еңбеккерлері бұл күні ардагер атанып, зейнет жасына аяқ басты. Өз кезегінде олар да талай жыл бірге еңбек еткен ұжым мүшелеріне, депо басшылығына алғыстарын айтып, кәсіби қызметте табысқа жете берулеріне тілектестік білдірді. Депода 42 жыл табан аудармай еңбек етіп, зейнетке шығып жатқан Антон Букреев жастарды теміржол саласына әрқашан адал болуға шақырды.
– Бұл қызметкерлеріміздің барлығы да локомотив шаруашылығында елеулі жылдар еңбек өтілі бар жандар. Ортамыз ойсырап қалғандай сезімдеміз. Таяу аралықта тағы үш еңбеккерімізді зейнетке шығарып салмақпыз. Олар – біз үшін өнегенің көзі. Алдағы уақытта ардагерлер кеңесінің құрамында жастар тәрбиесіне үлес қосатын болады деп сенеміз, – дейді бұл орайда Семей локомотив пайдалану депосының кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Дүйсенбаев.
Қуаныш Қожаев