You are currently viewing Қарттар үйіндегі кездесу

Қарттар үйіндегі кездесу

  • Post category:Новости

Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінің кәсіподақ төрайымы Айша Қалағанова бастаған ардагерлер Орал қаласындағы қарттар үйіне арнайы барды. Ұзақ жыл вокзалда қызмет еткен Татьяна Котова қазір осы әлеуметтік орталықта тұрады.
Қарттар мерекесі қарсаңында сонау Ақтөбеден арнайы іздеп келген әріптестерін көріп қатты қуанған Татьяна Ивановна бір жылап, бір күліп мәз-мәйрам болды. Переметное селосындағы әлеуметтік орталықта тұратын Татьяна әжейге ақтөбелік әріптестері арнайы сәлемдеме беріп жіберіпті, түрлі жемістер салынған себетті ықыласпен алған кейуана жанындағыларға да үлестірді.
Татьяна Иванова ұзақ жыл Орал вокзалында қызмет еткен. Касса қызметі мен вокзал шаруашылығына қатысты барлық жұмысты атқарып, нағыз маман болған деседі көзкөрген әріптестері. Әлеуметтік орталық қызметкерлері ардагердің қоғамдық жұмыстарға белсенділігін, қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысатынын жеткізді.
– «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деп өсиет еткен қазақ қашан да қарттарын қадірлеп өскен. Тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Атаулы мерекеде кезінде бүкіл саналы ғұмырын жолаушы қызметіне арнап, бүгінде тағдырдың жазуымен әлеуметтік орталықта тұрып жатқан кешегі әріптесімізді арнайы іздеп келіп, көңілін көтергенімізге өзіміз де қуанып қалдық, – деді А.Қалағанова.

Ардақ Ерубаева