Қауіптің алдын алуда

  • Post category:Новости

«ҚТЖ» ҰК» АҚ Магистральдық желі дирекциясы өндірістік жарақаттану мен жазатайым оқиғалардың алдын алу және нөлдік жарақаттану деңгейіне қолжеткізу мақсатында былтыр біраз жұмыс атқарды. Нәтижесінде өткен жылы өндірісте жарақат алу оқиғасына жол берілген жоқ.

Айталық, шағын механикаландыру құралдарына қызмет көрсету бойынша технологиялық карталар қайта әзірленіп, пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар құжаттарға өзгерістер енгізіліп, желілік, аймақтық және тораптық деңгейдегі қауіпті әрекеттер мен тәуекелдер тізімімен жұмысшылар түгел таныстырылды. Сонымен қатар пайдалану жұмысының өндірісі барысында технологиялық процестің дұрыс орындалуын, жазатайым оқиға кезінде жұмысшылардың дұрыс әрекетін талдау және бақылау үшін 548 экшн камерасы сатып алынды. Трансформаторлық қосалқы станцияның, тарату орталығының кіріс және шығыс фидерлерінде «толық өтелумен» санатындағы жұмыстарды орындау кезінде жұмыс технологиясын өзгерте отырып, көрінетін үзілістерді қамтамасыз ету үшін 10 кВ айырғыштардың 295 бірлігі сатып алынды. Ал ток беретін электр жабдығына рұқсатсыз кіруді болдырмау үшін 2432 құлып (оқшаулағыш патронмен) және 514 қауіпсіздік белдіктері сатып алынды. Сондай-ақ, магистральдық желі дирекция- сы бойынша 36 нормативтік-техникалық құжаттама қайта жасалды.

Магистральдық желі дирекциясының қызметкерлері цифрлық технологияның жетістіктерімен жете таныс. Әсіресе, дирекция өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экология мәселелерінде Өндірістік қауіпсіздік ақпараттық жүйесін (ӨҚ АЖ) кеңінен пайдаланып, оның белсенді қолданушысы болып отыр. Күнделікті қызметте қызметкерлер өнеркәсіптік қауіпсіздік пен қоршаған ортаның жай-күйін ішкі бақылау барысында, сондай-ақ, тексеру парақтарын жүргізу және құрастыру үшін ӨҚ АЖ мобильді қосымшасын белсенді пайдаланады.

ӨҚ АЖ-да орналастырылған постерлерді барлық деңгейдегі басқару қызметіндегі басшылар мен орта буын мамандар әрбір планерка мен селекторлық кеңес алдындағы қауіпсіздік минутында, сондай-ақ қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқау беру кезінде пайдаланып келеді. ӨҚ АЖ жүйесінде жүргізілетін жұмыстарды талдау және бақылау үшін өнеркәсіптік қауіпсіздік қызметінің қызметкерлеріне ӨҚ АЖ жүйесінің үстелдік (компьютерлік) нұсқасы ыңғайлы екенін айтар едік. Дирекция алға тартқан мәліметке сүйенсек, 2021 жылдың қорытындысы бойынша қауіпсіздік мәдениетін арттыру және ӨҚ АЖ жүйесінің модульдерінде жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру шеңберінде онлайн режимде межелі 20554 адамның орнына 23 279 маман оқытылған. Сонымен ӨҚ АЖ мобильді қосымшасы арқылы былтыр ішкі бақылау бойынша 16 719 бұзушылық тіркелсе, жұмыс орындарында қауіптер мен тәуекелдердің алдын алу және қауіпті факторларды анықтау мақсатында қауіпсіздіктің іс-қимыл диалогтарының нәтижелері бойынша 9145 сәйкессіздік ресімделген.

Қауіпсіздіктің іс-қимыл диалогы қорытындысы бойынша жазатайым оқиғалардың алдын алуға елеулі үлес қосқан және жаңа қауіпсіздік құралдарын белсенді қолданып жүрген үздік қызметкерлер анықталып, ынталандырудың әртүрлі номинациялары бойынша марапатталды. Осылайша, компания бойынша 432 адам ішінен Магистральдық желі дирекциясы жетекшілік ететін бөлімшелердің 163 қызметкері (немесе 38%) түрлі санаттағы сыйақылармен көтермеленіп, оның ішінде 12 қызметкер – 130 АЕК, 15 қызметкер – 20 АЕК, 101 қызметкер – 4 АЕК, 35 қызметкер 2 АЕК көлемінде сыйақы алды.

Ислам Талғат, Нұр-Сұлтан