You are currently viewing ҚАЗАЛЫ – КӘСІБИ МАМАНДАР МЕКТЕБІ!

ҚАЗАЛЫ – КӘСІБИ МАМАНДАР МЕКТЕБІ!

  • Post category:Новости

Қызылорда темір жолының солтүстіктегі бекеттерінің бірі Қазалы станциясы әлеуеті жоғары, өндірістік жұмыс көрсеткіштерін үнемі асыра орындайтын станция. Мысалы, мамыр айындағы көрсеткіштері 102,8 -285,1 пайыз аралығын құраған.

Қазалы станциясы бастығының орынбасары Руслан Мақашев тек мамыр айы емес, жылдың алғашқы тоқсанына жоспарланған жұмыстардың нәтижелі атқарылғанын айтты. Қазалымен қоса айналадағы шағын бір-екі бекеттердегі жұмыс құжаттарын да рәсімдеп отыратын станциялықтар қашан да қарбалас үстінде. Тәжірибелі станция кезекшілері Өмірбай Қарабеков, Бақытбек Қараев пен операторлар Асылзат Каденова және Ғалия Қадырова станцияға келіп кетіп жатқан пойыздардың кестеге сай қозғалысын реттеумен қатар Қамыстыбас пен Майлыбас бекеттеріндегі қозғалысқа
да жауапты. – Жыл басынан бері станцияға бекітілген өндірістік жұмыстар жоспары орындалмай қалған жоқ. Мысалы, 1500 вагонға жоспарланған жүк түсіру межесі іс жүзінде 1681 вагонға жетіп, жоспар 112,0 пайызға, 12,32 вагон/сағатқа есептелген құжат рәсімдеу кезіндегі вагонның бос тұруы 10,48 ваг/сағатқа жеткізіліп, меже 117,5 пайызға орындалып отыр. Станция теміржолшылары өз кәсіптерін жетемеңгерген тәжірибелі мамандар. Жалпы бекеттегі барлық жұмыстар жоспарлы ұй ымдастырылып, тиімді атқарылуы – біздің табыс кілтіміз. Жастарды тәрбиелеуде де қалыптасқан үрдісіміз бар. Өз кәсіптерінің бесаспап мамандары Өмірбай, Асылзат пен Бақытбек бүгінде жас станция кезекшісі
Азамат Дәрібаев пен жанындағы оператор Ұлбосын Жүсіпованы кәсіпке баулып, білмегенін үйретіп жатыр. Жалпы, біздің Қазалы – кәсіби мамандар мектебі десек болады, жан жақтағы ірілі-ұсақты станцияларда еңбек етіп жүрген мамандарымыз жетеді, – деді станция бастығының орынбасары Руслан Мақашев.
Станцияға келіп тоқтаған пойыздардан қажетті вагондарды ажырату, құрамғақосу жұмыстарын шебер атқарып жүрген пойыз құрастырушылар Нұрғазы Өтекеш пен Мейрамбек Құлмұратовтың жұмысы да сүйсіндірмей қоймайды. Станция бастығының орынбасары олар атқарған жұмыстарын шашау шығармай орындайтын ең сенімді пойыз құрастырушылар екенін мақтанышпен жеткізді.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ,
Қазалы


Суретті түсірген автор