You are currently viewing ҮЗДІК ЕҢБЕК ӘУЛЕТІ!

ҮЗДІК ЕҢБЕК ӘУЛЕТІ!

  • Post category:Новости

Мақат – теміржолшылар әулетінің алтын ұясы деуге болады. Сонау өлкеге теміржол тартылған 1936 жылдан бастап еңбек
еткен жандардың ұрпақтары салада күні бүгінге дейін тер төгіп келеді. Солардың бірі – теміржолдағы жиынтық еңбек өтілі
425 жылды құрайтын Мырзағалиевтер әулеті республикалық байқаудың өңірлік кезеңінде жүлдегер атанды.

Республикалық «Еңбек жолы-2022» байқауының өңірлік кезеңіне қатысуға 37 адам өтінім берген. Олар «Үздік еңбек әулеті»,
«Өндірістің үздік жас маманы», «Жастардың үздік тәлімгері» номинациялары бойынша іріктелді. Нәтижесінде, әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссияның шешімімен «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша Мақат ауданынан Мырзағалиевтер әулеті жүлдегер болып танылды. – Атамыз Қабдол Қызылқоға ауданының
Сарыкөл ауылында 1898 жылы дүниеге келген. 1913 жылдан еңбекке араласқан ол теміржол саласындағы еңбек жолын 1936 жылы жол дистанциясында жол жөндеуші болып бастап, Гурьев облысындағы алғашқы тар табанды, ұзындығы 517 шақырымды құрайтын Гурьев-Қандыағаш темір жолы құрылысында өз қолтаңбасын қалдырған. 1947 жылдан бастап Бек-Бике, 21-бекетте станция кезекшісі болып қызмет атқарып, 1958 жылы зейнеткерлікке шыққан, – дейді немересі Өтеген Мырзағалиев. Қабдолдың Жексенбай, Сисенбай атты ұлдарынан 8 ұл, 3 қыз өрбіген. Бүгінде солардан тараған ұрпақ, яғни Қабдол атаның немере-шөберелері осы темір жолда, жол жөндеу дистанциясы, локомотив депосы, вагон депосы, басқа да салаларда еңбек етіп келеді. Жеңімпаздардың құжаттары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолданды. Алда – республикалық байқау.

Источник


Еділ ЕРМЕК, Мақат
Суретті түсірген автор