You are currently viewing «Әкелер күні» аталып өтті

«Әкелер күні» аталып өтті

  • Post category:Новости

Биыл елімізде алғаш рет 18 маусым «Әкелер күні» болып белгіленіп, демалыс күні аталып өтті. Осыған орай Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында өткен «Әкелер форумына» қарапайым еңбек адамының өнегесін көрсетіп жүрген көп балалы әкелер шақырылып, ұрпақ тәрбиесіндегі өнегелі ойларымен бөлісті.
Сол шараның ортасынан Жамбыл ЖТ бөлімшесіне қарасты Жамбыл вагон пайдалану депосының вагон қараушысы, көп балалы үлгілі отбасының иесі Жамбыл Айтуов та табылды. Ұлттық дәстүрді ұлықтап, отбасы құндылықтарын жоғары қойып, ұрпақ тәрбиесінде әке өнегесін танытып жүрген Жамбыл Орынбиұлы қала маңындағы Байзақ ауданы Бурыл аулында тұрады. Белсенді теміржолшы Бурыл орта мектебінде «Қамқоршылық кеңесі қоғамдық қорының» төрағасы. Өз балаларымен қатар мектеп жасындағы барша балалардың тәрбиесін назарға алып, «Ата-ана – мектеп – ұстаз» үштік одағының белсенді жұмыс істеуіне қал-қадірінше атсалысып жүр.
Жамбылдың өзі көп балалы, елге сыйлы отбасынан шыққан. Әкесі Орынби де болат жолда еңбек еткен. Әкесі мен анасы Сейсекүл 7 ұл-қыз тәрбиелеп, олардан отыз шақты немере сүйіп отыр. Жұрт қызығатын, бірлігі жарасқан әулет.
– Өзіңіз білесіз, бүгінгі қоғамда не болмай жатыр дейсің?! Сондықтан балаларымның тәрбиесіне қатты алаңдаймын. Жаға ұстар, жаның ашыр оқиғаларды көріп, біліп жатқанда бала тәрбиесі ең өзекті мәселеге айналды. Осыны әрбір отағасы, әке түсінсе екен, – дейді көп балалы шаңырақтың иесі.
Жамбыл жары Гауһар екеуі 5 бала тәрбиелеп отыр. Тұңғыштары Аружан Алматы қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы университеттің бірінші курс студенті болса, Бауыржан Тараз теміржол көлік және коммуникация колледжінде үшінші курста оқып жүр. Ерасыл мен Іңкәр Бурыл мектебінің оқушылары. Кенже ұл Мүсілім балабақшада.
– «Жақсылығың – әкеңнен, жамандығың – қатеңнен» деген сөз бар. «Әкелер күні» мерекесі күнтізбеден орын алып, жыл сайын аталып өтіп, қоғамда әке ролін арттыруға көңіл бөлінсе, нұр үстіне нұр болмақ, – дейді кейіпкеріміз.

Ерман Әбдиев