You are currently viewing Әріптестерімнің осалы жоқ…

Әріптестерімнің осалы жоқ…

  • Post category:Новости

Жамбыл вагон пайдалану депосының Шу теліміндегі шебері Жанарбек Көпеков «Қазақстан темір жолы» компаниясының жұмыс сапасын жақсартуға, еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған өзіндік құндылықтары бар дейді. Олар ең алдымен қауіпсіздік техникаларын сақтау, көшбасшылыққа ұмтылу, қай істе де белсенділік таныту, мамандығымен мақтану және жоғары деңгейдегі жауапкершілік дегенге саяды.

Айтуынша, бұл құндылықтар компанияның әрбір қызметкеріне таныс, компанияның әрбір теміржолшысы ұстанады, әрбірінің күн сайынғы қағидаты. «Біздің корпоративтік құндылықтарымыз компания теміржолшыларының 70 пайызына мәлім. Бұл арнайы сауалнама барысында анықталыпты. Бұл дегеніміз, әріптестеріміздің дені өздерінің мамандықтарына адал, біліктіліктері жоғары деген сөз. Мәселен, ай сайынғы зерделеу қорытындысына сәйкес менің қарамағымдағы вагон қараушы Айбек Нұрмахан үздік деп танылды. Бұл – оның ғана емес, біздің барлығымыздың абыройымыз», – дейді шебер.

Оның айтуынша, Айбек Мейірханұлының вагон ақауын байқамай немесе білмей қалған кезі жоқ десе де болады. Соңғы рет өткен аптада Шу станциясына тоқтаған жүк пойызынан, вагонның бүйірлік жақтауынан қауіпті сызатты анықтап, үлкен шығынның алдын алған.

Айбек Нұрмахан ұзын бойлы келген, қуатты, нағыз теміржолшы болу үшін жаралғандай жігіт екен. Көп сөйлемейді, істің адамы. Жамбыл депосының Шу телімінде 2012 жылдан бері вагон қараушы болып қызмет етіп келеді екен.

«Осы Шу қаласында өстім, темір жолдың бойында балға ұстап жүргеніме тоғыз жылға таяпты. Осы уақыт аралығында көп ақауларды таптық қой. Қайсыбірін сөз етейін. Ең бастысы, олар менің міндетім емес пе? Несіне оны жаһанға жар саламыз?», – дейді қипақтаған күйі.

«Сол күні Шу қаласындағы Қант зауыты маңындағы теміржолға келіп тоқтаған жүк пойызын қарап жүрген болатынмын. Әдеттегідей, болат доңғалақтарды тексердім алдымен. Бүйірлік жақтауларын қарадым. Бір уақ балғамның үні өзгеше шыққанын аңғарып, қайтадан ұрғылап көрдім, жалма-жан әлгі тұсқа айнамды қойып, мұқият тексердім. Вагонның бүйірлік жақтауы бірнеше жерден жарылыпты», – деді сол күнгі оқиға жайлы.

Бекітілген тәртіпке сәйкес, ол ақау жайын аға тексеруші Жалғас Байсейітовке хабарлайды. Ол арнайы хаттама толтырып, құжаттарын ретке келтірген соң, ол вагон құрамнан ағытылып, жөндеушілерге жіберген.

«Күн сайын 20 шақты пойыз құрамына тексеру-қарау жұмыстарын жүргіземіз. Кезекшілікте екі бригада жүреміз, бұл дегеніңіз – екі-екіден төрт адам. Алайда соңғы күндері біз бір жарым бригадамен жұмыс істеп жүрміз. Өйткені, бір әріптесіміз ауруханада, тағы бірі кезекті еңбек демалысында. Мұндай кезде жауапкершілігіміз еселене түседі, десе де шыдауымыз керек», – дейді Айбек Мейірханұлы.

Ол жақында вагон қараушылардың бірі Жасұлан Өмірбеков те ақау тапқанын айтты. «Әріптестерімнің осалы жоқ, шетінен мамандығын жоғары деңгейде игергендер» деді А.Нұрмахан мақтанышпен.

Ал Жасұлан Айбектен көп нәрсе үйренгенін жеткізді. «Рас, Айбектің жұмыс тәжірибесі он жылға жетер-жетпес. Алайда, ол алдыңғы буыннан көп дүниені бойына сіңіріп қалған. Өйткені, Айбек зейнетке шыққан ағаларымызбен бірге жұмыс істеп үлгерді. Мен мұны буын сабақтастығы деп санаймын. Бұл – теміржол саласында аса маңызды нәрсе», – дейді Жасұлан Өмірбеков.

Асхат РАЙҚҰЛ, Шу қаласы