You are currently viewing 30 жылдыққа 30 түп ағаш!

30 жылдыққа 30 түп ағаш!

  • Post category:Новости

«Орман отырғызудың Ұлттық күні» және «Бірге – таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Қазкәсіпкөлік» ҚБ кәсіподақшылары елордада Н. Назарбаев университеті ауласына ағаш отырғызды.

Қоғамдық бірлестік төрағасы Оразғали Ахметбаев бастаған теміржол саласының кәсіподақ өкілдері Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы құрметіне 30 түп жеміс ағаштарын өз қолдарымен екті.

– Өздеріңіз білесіздер 2014 жылдан бері елімізде Орман отырғызудың ұлттық күні атап өтіледі. Оған жыл сайын біздің кәсіподақ мүшелері мен теміржолшылар қалмай қатысып келеміз. Көктем айының бір күнін таңдап алып, ағаш отырғызамыз. Оңтүстікте наурызда еге бастаса, бізде елордада мамырда күн жылығасын егеміз. Сондай-ақ әр мекеме өз аумағында да ағаштар егіп, абаттандыру ісіне үлес қосады. Бүгінгі акциямызды Тәуелсіздігіміздің және өзіміздің «Қазақстан теміржолшысы» газетінің мерейтойына арнаймыз. Әдетте біз мұндай шараларды ұйымдастырушы болып, барлық теміржолшыларды осыған жұмылдырамыз, ал қазір кәсіподақ өкілдері өздері осы шараға қатысушы болып келдік, -дейді О. Ахметбаев.

Акцияға сонымен қатар кәсіподақ мүшесі болып табылатын жас теміржолшылар да қатысты. Солардың ішінде «ҚТЖ 100 жас есім» жобасының жеңімпазы, ұлттық компанияның баспасөзбен байланыс жөніндегі менеджері Олжас Ахметов осы акцияға қатысып, үлес қосуды жөн көріпті.

– Жастарға аз да болса өнеге болсын деп акцияға атсалысып отырмын. Жалпы ағаш егу деген – сауапты іс. Желден, жауыннан аман болып, жайқалып өссе, оның жемісін жеген адамнан, тіпті болмаса саясында демалған адамнан үлкен алғыс алар едік, сондықтан замандастарымды осындай игі шаралардан қалмауға шақырамын, – дейді ол. Кәсіподақ өкілдері университет аллеясына алма, жөке, миндаль, шырғанақ деген ағаш түрлерін отырғызды.