You are currently viewing АДАЛ ЕҢБЕГІ ҮШІН МАРАПАТТАЛДЫ!

АДАЛ ЕҢБЕГІ ҮШІН МАРАПАТТАЛДЫ!

  • Post category:Новости

Қазақстан теміржолында адал еңбегімен көзге түскен қызметкерлер қашан да саланың ерекше марапаттарына
ие болады. Солардың бірі «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС жүктермен коммерциялық жұмыс департаментінің бас
менеджері Тасболат Каримов «Адал еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. Теміржолда коммерциялық жүктер
тасымалы бойынша ірі кәсіпорындардың құжаттарын реттеумен айналысатын ол – компанияның 80 пайыз
табысын әкелетін салада тәжірибесі мол білікті маман.

Теміржол саласында 40 жылдық тәжірибесі бар Тасболат Каримов ҚТЖ арқылы жүктерін тасымалдайтын 56 ірі кәсіпорынмен арада түрлі келісімшарттар жасау, бұйрықтар мен актілер, басқа да қыруар маңызды құжаттарды тексеру, салыстыру, қабылдап алумен айналысады. Былай қарағанда, бұл – асқан мұқияттылық пен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Себебі әрбір жүктің, тасымалдың есебі құжаттарымен бірдей болуын тексеріп, деректерден қателесуге
жол беруге болмайды.
– Қазақстан бойынша тәулігіне 50 вагоннан астам жүк тиейтін ірі кәсіпорындармен келісімшарттар жасаймыз. Сонымен қатар станция жұмысының Бірыңғай технологиялық процесі бойынша жұмыс жүргіземіз. Мәселен, ең ірі келісімшарт жасалатын кәсіпорындар қатарында Қарағандыдағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мен Павлодардағы «Қазақстан аллюминийі» АҚ және «Богатырь комир» ЖШС және т.б өндіріс орындары бар. Сол сияқты Ақмола, Жамбыл, Семей,
Ақтөбе, Маңғыстау өңірлеріндегі өндірістік кәсіпорындармен келісімшарттар жасалады. Жүк тасымалына қатысты барлық
құжаттарды қарап, тексеру, келісімшарттарды дұрыстап толтырып, жасау – менің басты міндетім, – дейді Т. Каримов.
Ақмоланың тумасы Тасболат Каримов теміржолшы отбасынан шыққан. Әкесі 30 жылдан астам уақыт машинист көмекшісі болып қызмет еткен. Өзі мектеп бітірген соң 1978-1982 жылдары Целиноград теміржол техникумынан және 1993-1998
жылдары Алматы теміржол инженерлері институтынан «Теміржол көлігін пайдалану», «Тасымалды ұйымдастыру және
темір жол көлігіндегі басқару» мамандықтары бойынша арнайы орта және жоғары білім алған.
– Бала кезімізде бұрынғы Ақмола, қазіргі Астана қаласындағы Орталық саябақта «Балалар теміржолы» болды. Осы
жол арқылы пойыздар «Жеңіс» және «Абай» станцияларының аралығында жүретін. Жазғы демалысымды сонда өткізетін
едім. Балалар теміржолы тек қана аттракцион болып қойған жоқ, кәдімгідей қосымша кәсіптік білім беру көзіне айналды. Ол жерде пайдалану ережелері, жабдықтары кәдімгі теміржолдың тәртібіне жақын болды. Жазда сонда жолсерік, кондуктор, диспетчер, кезекші жұмыстарын атқарып, тіпті ересек тәжірибелі инструктор басшылығымен машинист болып, шағын пойыздарды да жүргіздік. Осындай тәтті естеліктер менің жадымда мәңгі қалып қойды. Сөйтіп теміржолға келгенмін, – деп еске алады ол балалық шағын.

Тасболат Каримов әр жылдары станция кезекшісі, жүк қабылдап-жөнелтуші, инженер-технолог, кіреберіс жолдар бойын жетекші инженер, экспедитор және т.б қызметтерді атқарып, мол тәжірибе жинақтайды. Екі мыңыншы жылдардан бері қарай ол жүк тасымалындағы коммерциялық жұмыстар бойынша департаменттерде бас маман, бөлім бастығының орынбасары, бірінші санатты менеджер болып жұмыс істеді. Бас алмай жұмыс күнін құжаттар тексеру, толтырумен өткізетін ол одан бөлек кәсіподақ қызметіне де уақыт табады. Қазіргі таңда «Қазкөліккәсіп» ҚБ-ның «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бойынша кәсіподақ филиалының төрағасы. Келесі жылы алпысты алқымдайтын теміржолшының 2 қыз, бір ұлы бар. Бос уақытында балаларымен бірге болып, футбол көргенді жақсы көреді. Компанияда өткен дойбы, шахмат ойындарында
жүлдегер болған. Бірнеше рет Алғыс хаттар, Құрмет грамоталары және Кәсіподақтың 20, 30 жылдығына арнайы төсбелгілермен марапатталған.

Источник

Райхан РАХМЕТОВА,
Астана

Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК