Вы сейчас просматриваете АМАЛ КЕЛДІ, ЖЫЛ КЕЛДІ…

АМАЛ КЕЛДІ, ЖЫЛ КЕЛДІ…

  • Рубрика записи:Новости

Еліміздің батыс өңіріндегі жұрт Наурыз тойының бастауы – Амал мерекесін қарсы алды. Қазақи қаймағы бұзылмаған Маңғыстау халқы оны жылдағыдай ерекше атап өтіп, түбек теміржолшыларының ауылында бұл күні ұлан-асыр той болды.

Алдымен жастар жағы жасы үлкендерге көрісе барып, амандық-саулық сұрасты. Көрісудің соңы ұлттық үлгідегі көріністер мен ойындарға ұласты. Дастарханға ұлттық тағамдар қойылып, ежелгі қазақ қоғамының көрінісі қалыптасты.
Маңғыстау қосалқы бөлімінде жаңа отау тігіліп, шаңырақ көтерілді.
Жас жұбайлардың алғашқы Амал мейрамында қыз беріп, қыз алған құдалар жағы төс қағыстырып, бір дастархан басында бас қосты. Ата салтына сай арадағы ынтымақты нығайтатын дәстүріміз теміржолшылар ауылында көрініс тауып жатты… Жас келіннің көрісе келген төркінін лайықты сый-құрметпен шашу шашып күтіп алған құдалар қазақы салт-дәстүрмен оларға шапан жауып, ат мінгізіп, боталы түйе жетелетті.
Амал күнін теміржолшылар осылай жоғары деңгейде атап өтті. Әр жақсылықтан жұғысты болсын деп ырымдайтын көпшілік бұл сценарийдегі жас жұбайлар өмірі сол рөлдерді сомдаған теміржолшы жігіт пен қыз – Шалқар Әзірбайұлы мен Балжан Дүйсенбаеваға жұғысты болсын деп тілек айтты. Ал ынтымағы жарасқан құдалар рөлін сомдаған Маңғыстау қосалқы бөлімі теміржолшылар кәсіби одағының төрағасы Әзірбай Тұрмағанбетов пен қауіпсіздік бөлімі басшысы Аманқос Құсайынов, құдағилар бейнесіндегі Ақкүміс Шәудірбаева мен Маржан Аязбаевалар өнеріне көпшілік қуана қол соқты.
Ал Маңғыстау қосалқы бөлімінің бастығы Нәжімеден Ғұбашов бас құда ретінде жастарға бата берді.
Бұл – түбек теміржолындағы Наурыз мерекесінің бастауы. Алдағы апта бойы Маңғыстау мен Бейнеу арасындағы теміржол мекемелерінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуы жоспарланған.
Шахида ЖҰМАН, Маңғыстау
Суретті түсірген автор