You are currently viewing Арыс: дүниежүзілік еңбек қорғау күні

Арыс: дүниежүзілік еңбек қорғау күні

  • Post category:Новости

Дүниежүзілік еңбек қорғау күніне орай ұйымдастырылған шараның бірі Арыс станциясында айрықша жағдайда өтті. Станциядағы жауапты мамандардың атсалысуымен атаулы күнде теміржолшы отбасылардың балалары арасында тақырыптық байқау жарияланып, жеңімпаздар анықталды.
Арыс станциясындағы вагон қозғалысының жылдамдығын реттеуші Бақытжан Алданазаровтың қызы Айнараның «Аман-есен үйге оралыңыз. Біз Сізді күтудеміз!» деген тақырыппен салған суреті үздік деп танылып, шыны ыдыстың сыртына салынды.
Ерекшелігі сол – үздік деп танылып, ыдыс сыртына бейнеленген сурет атаулы күннің тақырыбымен өзара үндесіп, теміржолшыларға сыйлық ретінде таратылды. Яғни, үлгілі қызметкерлерді марапаттау сәтінде станция басшысы Құрманғазы Нарымбетов пен станциядағы цех комитеттің төрағасы Телғозы Шораханның бастамасымен теміржолшыларға мадақтама қағазынан бөлек, арнайы сөмкеге салынған блокнот, картинамен бірге осы тақырыптық көрініс бейнеленген шынайы суретті шыны ыдыстар болды.
Айта кетейік, осы күндері Арыс станциясындағы кабинет, кеңселерге ауа баптағыш құрылғылылары орнатылып, вагон сұрыптау паркінің қызметкерлері арнайы талапқа сай киім және құрал-саймандармен толық қамтамасыз етілді. Мұның бәрі де күннің күрт жылынуына байланысты және алдағы жазда қалыпты әрі қауіпсіз қызмет ырғағын бәсеңдетіп алмау үшін жасалған шаруа болса керек-ті.
Сондай-ақ, апта бойы арнайы ұйымдастырылған техникалық сабаққа медицина қызметкерлері келіп, алғашқы көмек көрсетудің жай-жапсарын түсіндіріп, таныстырды. Бұл атаулы күнмен ұштасқан айтулы шара болды дейді арыстық теміржолшылар.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
Арыс