You are currently viewing Ауған алауы жадымызда…

Ауған алауы жадымызда…

  • Post category:Новости

Маңғыстау локомотив депосында Ауған соғысына қатысқан, кешегі танкист, бүгінгі машинист жұмыс істейді. 15 ақпан – КСРО әскері Ауғанстан жерінен шығарылған қуанышты күн. 35 жыл өтсе де кейіпкеріміз жат жерде өткен соғыс өртін, ауған алауын жадынан шығарған емес.
Айтулы датаға орай Маңғыстау локомотив депосының кәсіподақ ұйымы интернационал жауынгер 2-ші класты тепловоз машинисі Асылбек Наурызбаевты құттықтап, еңбектегі жетістігі мен жастарды патриоттық тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен марапаттады.
Депо ұжымына Асекеңнің жүріп өткен жолы жақсы таныс. Жыл сайын басқосуда соғыста танкист болған әріптестерін қолқалап әңгімесін талай тыңдаған. Кейінгі өскен жастарға ертегі секілді көрінетін соғыс даласындағы ұрыс қимылдарын еске алу ардагерге қаншалықты ауыр болса да, көпшіліктің меселін қайтармай айтып береді. Сөзінің соңын жастарға қарата: «Ондай соғыс енді болмасын, сендер бейбіт заманда өз отандарыңды қорғаңдар» деп аяқтайды.
– 1979 жылдың 27 желтоқсанында КСРО әскерінің шектеулі контингенті Ауғанстан елі шекарасынан өтіп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін болғаны бәрімізге белгілі. Бірақ ол жақта не болды, қалай соғыс көрді, оны сол қанды оқиғаның ортасында жүргендер ғана біледі. Он жыл ішінде жат жерде қыршыннан қиылған боздақтар қаншама. Олардың рухына тағзым етіп, арамызда жүрген батырымызды бағалау – біздің борышымыз. Бәріміздің әріптесіміз, Маңғыстау депосының маңдайалды машинистерінің бірі Асылбек Қобланұлын Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуымен құттықтаймыз. Ардагердің бүгінгі ұрпақты патриоттық тәрбиелеу ісіне белсене араласып, теміржол саласындағы адал еңбегі үшін алғыс білдіреміз. Енді тарих бетінде ондай қаралы күндер болмасын. Ұрпағымыз бейбітшілікте, тыныштықта өмір сүрсін, – деді депоның кәсіподақ ұйымының төрағасы Әбілсейт Набиханов.

Шахида Жұман