You are currently viewing Бағыттамалы бұрмалар жаңаруда

Бағыттамалы бұрмалар жаңаруда

  • Post category:Новости

Ел шығысында осыдан он шақты жыл бұрын ағаш шпалдарды темірбетонға ауыстыру жұмыстары қарқынмен басталған болатын. Соңғы жылдар көлемінде бұл бағыттағы жұмыстар біршама ширатылды. Әсіресе Ақтоғай – Аягөз – Жарма, Дегелең – Жаңа-Семей телімдері бойынша күрделі жөндеу жұмыстары қарқынмен жүргізілуде.
Әйтсе де, биылғы жылғы басты ерекшелік негізінен станциялық жолдарды жаңалау болып отыр. Осыдан бірер апта бұрын Жаңа-Семей жол дистанциясының жолшылары үшінші класты Жаңғызтөбе станциясының басында 6 сағаттық толаскез өткізіп, бағыттамалы бұрмаларды ауыстырып шыққан болатын. Кезек ПЧ-39 жолшыларына келіп, олар жуырда Семей жол дистанциясының теміржолшылары Семей станциясының солтүстік мойнағындағы №43 бағыттамалық бұрманы ауыстыру жұмыстарын жүргізіп шықты.
Тоқтала кетерлігі сол, бұл станциялық жол сонау 1990 жылы салынған болатын. Ал ағаш шпалдары соңғы рет 2009 жылы ауыстырылыпты. Кластан тыс станциядағы қозғалыстың артуына байланысты аталмыш жол мен бағыттамалық бұрманы ауыстыру қажеттігі туындаған болатын.
– Бұл жоспарлы жұмысқа үлкен даярлықпен кірістік. Соның аясында 6 сағаттық техникалық толаскез үзілісі жоспарланған еді. Жаңарту жұмыстарының барысында жол машиналары мен жолшылардың жұмылдырылуымен барлық ескі шпалдар толықтай темірбетонмен ауыстырылды. Бұл іс-шараның маңыздылығы зор. Себебі жаңарған жол станцияның жұп және тақ бағыттары бойынша қабылдау-жөнелту жұмыстарын ширатып, маневрлік пойыз қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді, – дейді Семей жол дистанциясының бастығы, Құрметті теміржолшы Рахат Ботаспаев.
Бүгінде Семей станциясындағы қозғалыс жиілігі аса жоғары. Әсіресе жазғы жолаушы тасымалының қарқын алуына байланысты жолаушылар пойыздарының саны артып отыр. Оның сыртында транзиттік жүк тасымалы мен пойыз құрастыру жұмыстарының да көрсеткіші жоғарылауда. Сәйкесінше қойылған тәртіп те қатаң, жауапкершілік те жоғары. Ахуалдың күрделенуіне байланысты станциядағы вагондарды сұрыптау жұмыстарын бөлімше басшысы Алмас Сейсемқанов өзі келіп тексеріп, жіті қадағалауына алған.
Міне, осындай себептер бойынша, жолшылар бұл жұмыстарды қозғалыс барысы мейлінше саябырлаған шақ – түнгі мезгілде жүргізді. Күндізгі ауа температурасы +40 градустан жоғары болғандықтан бұл шара тиімді болып отыр. Айта кетерлігі сол, бұл – биылғы жаз басталысымен семейлік жолшылар салған осымен алтыншы бағыттамалы бұрма. Жыл аяғына дейін көрсеткіш қатары әлі де толыға түсетін болады. Дегенмен үш бағытта қызмет көрсететін ПЧ-39 жолшылары үшін нағыз қауырт жұмыс кезеңі алдағы уақытта басталмақ. Себебі енді шамалы күндерден соң Дегелең – Май телімі бойынша күрделі жөндеу жұмыстары қарқын алатын болады. Сондықтан да станциялық жолдарды жаңалау шаралары ауқымды күрделі жөндеу жұмыстарының алдындағы бой қыздыру десек те болғандай.
– Жұмыс күші жеткілікті. Қажетті жол машиналарының даярлығы пысықталуда. Күрделі жөндеу жұмыстарына керекті материалдарды жеткізуде кешеуілдеу болмайды деген үміттеміз. Жалпы, жол жұмыстары белгіленген жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. Осы қарқынмен жазғы жол жұмыстарын дер кезінде еңсереміз деген ойдамыз, – дейді семейлік жолшылар.
Қуаныш Қожаев